Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ИИДМ "Азия Авто" АҚ және "Азия Авто Қазақстан" АҚ мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта "АЗИЯ АВТО" компаниялар тобы уәкілетті мемлекеттік органға қысым көрсету мақсатында негізсіз және шындыққа сәйкес келмейтін бірқатар деректерді таратуда. Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Нұр-Сұлтан қаласының апелляциялық сот алқасы бұрын жасалған келісімдер шеңберінде "Азия Авто" АҚ мен "Азия Авто Қазақстан" АҚ алған міндеттемелерін бірнеше рет бұзғанын хабарлаймыз, - делінген хабарламада.
Дерекке сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 24 тамыздағы №7119-20-00-2/6894 шешімімен қосымша келісім 2017 жылғы 7 сәуірдегі өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге 2019 жылғы 4 қарашадағы №1 келісім жарамсыз деп танылды. 2017 жылғы 7 сәуірдегі келісім бұзылды. Аталған шешімдерге байланысты холдинг зауыттарында өндіріс пен жұмыс процесін тоқтату жүргізілмейді және компания мемлекеттік преференциясыз өз жұмысын одан әрі жалғастыра алады.
Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім шеңберінде өндірістік қуаттарды салу және пайдалануға беру бөлігінде "Азия Авто" АҚ және "Азия Авто Қазақстан" АҚ міндеттемелерін толық орындаған жағдайда, уәкілетті орган қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік преференциялар беруді көздейтін жаңа келісім жасау туралы мәселе қаралады. Холдинг кәсіпорындарының қызметкерлерін қосымша хабардар етеміз. Қызметкерлерді негізсіз жұмыстан босату жағдайында министрлік аталмыш деректерді тексеру үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясына өтініш беруді сұрайды, - деп мәлімдеді министрлік.
Сондай-ақ, министрлік машина жасау саласының мамандарын еліміздің басқа кәсіпорындарында одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша қолдауға кепілдік беріп отыр. Өйткені, қазіргі уақытта осы салада мамандар тапшылығы (холдингтің ақпараты бойынша, "АЗИЯ АВТО"-ның штатында 638 адам бар) байқалуда.
Осы ретте ҚР ИИДМ ел азаматтарына отандық машина жасауды қолдау саласындағы мемлекеттік саясаттың беделін түсіру мақсатында Холдинг жүргізетін ақпараттық арандатуларға және қолданылатын "тәсілдерге" бой алдырмау, сондай-ақ, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау жөнінде өтініш білдіреді, - деп ескертті министрліктегілер.