Ажырасу кезінде жиі жіберілетін қателік: Әйелдер нені білуі керек?

Астанада әйелдердің құқық сауатын арттыруға арналған жаңа қоғамдық формат басталды.

 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 11 Наурыз 2026, 11:20
11 Наурыз 2026, 11:20
957
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Астанада әйелдердің құқық сауатын арттыруға арналған жаңа қоғамдық формат – UMAI форум-кездесулері бастау алды. Іс-шара барысында қатысушылар әйелдердің құқығы, олардың жеке шекарасы және заң бойынша қорғану механизмдері жайлы кеңінен талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Форум-кездесудің басты спикері мемлекеттік айыптаушы, заңгер Айжан Аймағанова болды. Ол қатысушылармен ашық диалог форматында әңгімелесіп, әйелдердің жеке өмірінде және кәсіби қызметінде жиі кездесетін мәселелерге тоқталды.

Спикердің айтуынша, әйелдің жеке шекарасы тек психологиялық ұғым емес, ол ең алдымен – құқық категориясы.

Көп жағдайда "жеке шекара" деген ұғым психологиямен ғана байланыстырылады. Бірақ шын мәнінде бұл – құқық мәселесі. Әрбір әйелдің жеке басын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, сондай-ақ физикалық, психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтан қорғануға құқығы бар, - деді Айжан Аймағанова.

Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасында әйелдердің қауіпсіздігі мен тең мүмкіндіктері нақты бекітілген. Мәселен Конституцияда ер мен әйелдің тең құқықтары және отбасы мен некені қорғау қағидаттары көрсетілген.

Спикер сондай-ақ әйелдер өз құқығын білуі өте маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, кей жағдайда адамдар компромисс пен құқық бұзушылықтың айырмашылығын шатастырып жатады.

Компромисс – екі тараптың ерікті келісімі. Ал егер адам қорқыныш, қысым немесе тәуелділік салдарынан келісуге мәжбүр болса, бұл – құқықтың бұзылғаны, – деді заңгер.

Форум барысында отбасылық дау, некені бұзу, алимент өндіру және мүлікті бөлу мәселелері де талқыланды. Айжан Аймағанова өз тәжірибесінде кездескен жағдайларды мысалға келтіріп, көптеген әйел өз құқықтарын толық білмейтінін айтты.

Кейбір әйел алимент тек ажырасқаннан кейін ғана төленеді деп ойлайды. Негізінде, заң бойынша, әйел бала 3 жасқа толғанға дейін өзіне де алимент талап ете алады. Бұл үшін міндетті түрде ажырасу шарт емес, – деп түсіндірді ол.

Спикердің сөзінше, некеде алынған барлық мүлік ортақ меншік болып саналады және ол кімнің атына рәсімделгеніне қарамастан тең бөлінеді. Сонымен қатар ол құжаттарды мұқият оқып, құқық мәселесінде ауызша келісімге сенбеуге кеңес берді.

Көп жағдайда адамдар бір-біріне сеніп, құжатсыз келіседі. Бірақ кейін дау туындағанда дәлелдеу қиын болады. Сондықтан кез келген келісім заңды түрде рәсімделуі тиіс, – деді Аймағанова.

Форум барысында қатысушылар спикерге сұрақ қойып, өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша кеңес алды.

Айта кетейік, UMAI форум-кездесулері – әйелдерге арналған жаңа қоғамдық алаң. Мұнда елдегі жетекші сарапшылар әлеуметтік маңызды тақырыптарды талқылап, қатысушылармен ашық диалог жүргізеді.

Бұған дейін сарапшы білімді әйелдер арасында ажырасу үлесі өскенін атаған еді.

Наверх