Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әжімнен қалай құтылуға болады? – Маман кеңесі

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
16 Қыркүйек 2025, 13:05
729
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Дерматологтар күрделі көпқадамды тері күтімі трендтеріне күмәнмен қарайды. Мамандардың айтуынша, қымбат әрі сәнді құралдардан гөрі жұмсақ тазартқыш, ылғалдандырғыш және күннен қорғайтын крем – теріні сау ұстаудың ең қарапайым әрі тиімді жолы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

AP басылымының мәліметінше, Йель университетінің медицина факультетінің профессоры, дерматолог Кэтлин Суозцидің айтуынша, қазір адамдар өздерін дерматолог ретінде көріп, түрлі құралдармен тәжірибе жасап жүр.

Шын мәнінде, тері күтімі тым күрделеніп кетті, – дейді маман.

Негізгі күтім қандай болуы керек?

Дерматологтардың пікірінше, кез келген күтім үш нәрседен басталуы тиіс:

  • жұмсақ тазартқыш,
  • теріні ылғалдандыратын крем,
  • SPF 30-дан кем емес күннен қорғайтын крем.

Артық құралдар теріні тітіркендіруі мүмкін.

Baylor медицина колледжінің маманы Ойетэва Асэмпа тері мәселелері неден туындауы мүмкін екенін айтты.

Тері мәселелерінің 90%-ы күн сәулесінен ушығады. Әжім де, дақ та, тіпті безеуден қалған тыртық та күннің әсерінен күшейеді, – дейді.

Жасы ұлғайған сайын коллаген өндірісі баяулап, әжім пайда болады. Ретиноидтар мен ретинол кремдері бұл үдерісті бәсеңдетуі мүмкін, бірақ мамандар оларды 30 жастан кейін қолдануды ұсынады. Ертерек қолдану керісінше, тітіркену туғызуы ықтимал.

Өлі теріден арылу үшін эксфолиация пайдалы, бірақ физикалық әдістерден (тұз, қант, түйіршікті скраб) бас тартқан жөн. Оның орнына альфа- және бета-гидрокси қышқылдары бар химиялық пилинг ұсынылады. Бірақ мұндай құралдарды қолданғанда күннен қорғану өте маңызды.

Эмори университетінің дерматологы Джордан Лимнің сөзінше, қымбат өнімдер әрдайым пайдалы бола бермейтінін ескертеді.

Қымбат құрал жақсырақ әсер етеді деген миф. Құрамы бірдей ингредиенттерді $6 тұратын кремнен де, $300 тұратын кремнен де табасыз, – дейді.

Өзгелердің жаңалығы