Ауғанстанда гуманитарлық апат болуы мүмкін. БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметтері бойынша, биыл қыста елдегі 17 миллионнан астам адам аштықтан көз жұмуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Bild басылымына сілтеме жасай отырып.
БҰҰ-ның Ауғанстандағы елдік директоры Джон Айлиф ұйым қызметкерлері ауған отбасыларындағы азық-түлік тапшылығын құжаттап жатқанын хабарлады. Көптеген үй шаруашылығында адамдар бірнеше күн бойы ас-сусыз қалды, ал балалар өлімі көрсеткіші артып келеді.
Қыстың басталуы, ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс және құрғақшылық пен жер сілкінісінің салдары жағдайды ушықтыруда. Көрші елдерден депортацияланған миллиондаған ауған босқындарының елге оралуы да қосымша қиындық туғызуда. Олардың көпшілігі мұқтаждық пен өте нашар тамақтанудан зардап шегеді.
Сонымен қатар, қажеттіліктердің артуына қарамастан, гуманитарлық көмек азайып келеді. БҰҰ халықаралық қауымдастықты Ауғанстандағы дағдарысқа назар аударуға және халықтың ең осал топтарына қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге шақырады.