Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әзербайжан 2026 жылы Армениямен бейбіт келісімге қол қоюды жоспарлап отыр

Бүгiн, 01:29
317
Бөлісу:
 Kevin Lamarque / Reuters
Фото: Kevin Lamarque / Reuters

Әзербайжан билігі Армениямен бейбітшілік туралы келісімге 2026 жылы ресми түрде қол қойылады деп үміттеніп отыр. Бұл туралы Әзербайжан Президентінің ерекше тапсырмалар жөніндегі өкілі Эльчин Амирбеков Женевада журналистерге берген мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Амирбековтің айтуынша, 2025 жыл Оңтүстік Кавказ тарихында маңызды кезең ретінде есте қалмақ. Себебі Әзербайжан мен Армения ұзақ жылдарға созылған қақтығыстар мен қарсыластықтан кейін ресми бейбітшілікке бұрын-соңды болмаған деңгейде жақындап отыр.

Ол Вашингтонда тамыз айында өткен саммиттің рөлін ерекше атап өтті. Саммит барысында тараптар «араздықты артқа қалдырып, аймақ үшін жаңа болашақ бастауға мүмкіндік алғанын» айтты.

Біз келесі жыл өте маңызды болатынына сенеміз. 2026 жыл бейбіт келісімді ресми түрде бекітуге жол ашады, - деді Амирбеков.

Айта кетейік, 8 тамызда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Вашингтонда өткен үшжақты кездесуде ортақ декларацияға қол қойған болатын. Бұл құжат жеті тармақтан тұрады және екі елдің бейбітшілікке ұмтылысын айқындайды. Декларацияда нақты бөлшектер көрсетілмегенімен, тараптар бейбітшілік туралы келісім мәтіні бойынша келісімге келгені және оны түпкілікті ратификациялауға күш салатыны атап өтілген.

Өзгелердің жаңалығы