Азаматтық алу. Қазақстан азаматы болу үшін қандай талап қойылады?

17 Мамыр 2021, 11:15
18386
Бөлісу:
Азаматтық алу. Қазақстан азаматы болу үшін қандай талап қойылады?
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасында әрбiр адамның азаматтық алуға құқығы бар. Ал азаматтық алу тәртібі қалай жүргізіледі? Азаматтық алуға қандай талап қойылады? Сонымен қатар азаматтық алғандардың статистикасы қанша? Осы және өзге де сұрақтарға ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары полиция полковнигі Сабыржан Сейтжанов жауап берді.

- Сабыржан Жарылқағанұлы, әңгімемізді бастамас бұрын жақында Президент қолынан алған Мемлекеттік наградаңызбен құттықтағым келеді. Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз. Екінші дәрежелі «Айбын» ордені құтты болсын!

Енді сұрағымызға келсек, елімізде мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру қалай іске асырылып жатыр?

- Рахмет!

Халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. ІІМ Мемлекеттік қызметтер реестріне сәйкес 44 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі (оның ішінде 39-ы автоматтандырылған немесе 88,6%-ды құрайды): электронды түрде – 25, электронды/қағаз жүзінде – 14, қағаз түрінде – 5.

Биыл Ішкі істер органдарымен 1 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Атап айтқанда, көрсетілген қызметтің басым бөлігі, яғни 1 млн 440 мыңы Мемлекеттік корпорация арқылы жасалған.

Ең көп көрсетілген қызмет түрлері:

1) 473 мың - көлік құралдарының жеке сәйкестендіру нөмірімен көлік құралдарының белгілі бір түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу;

2) 358 мың - жеке куәліктер және паспорттар беру;

3) 328 мың - халықты тұрақты жері бойынша тіркеу және тағы басқалары.

- Пандемия кезінде көші-қон мәселесі қалай болды?

- Жыл басынан бастап Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдету тәртібімен - 7 164 азамат алса, оның ішінде 6 135-і өзіміздің қандастарды құрайды. Сонымен қатар халықаралық келісім бойынша – 335, тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы конвенция бойынша – 694-і алған. Басым көпшілігі Ресей азаматтары – 219 (қандастар – 53), Өзбекстан – 3 116 (қандастар – 2 662), ҚХР – 2521 (қандастар – 2 515), Қырғызстан – 308 (қандастар – 31), Түрікменстан – 462 (қандастар - 458).

- Сабыржан Жарылқағанұлы, елімізде жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарды тіркеу науқанына тоқталып өтсеңіз. Жеке куәлік алмағандарға қандай жауапкершілік көзделген?

- Өткен жылғы қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін Ішкі істер министрлігі үкіметтік емес ұйымдармен «Адам құқықтарының заңдылығын сақтау жөніндегі халықаралық бюро» және «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» АҚ, КЕАҚ «Отандастар Қорымен» бірлесіп мәртебесі реттелмеген жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды анықтау бойынша және оларға құжат ресімдеуге көмек көрсету бойынша республикалық науқан жүргізіп келеді.

Оның ішінде төлқұжаты жоқ адамдар санын атап өтер болсам – 4 518, олардың көпшілігі – Алматы облысында (565) орналасқан. Одан бөлек, Алматы қаласында (341), Қарағанды (516) және Түркістан (426) облыстарында анықталды.

Сондай-ақ осы науқан барысында 2 244 адам Қазақстан Республикасының азаматы болып танылды және оларға құжаттар ресімделді, ал 1 411 адамға қатысты азаматтығын растау рәсімі аяқталуда, 467-сі азаматтығы жоқ адам ретінде танылды.

Осы науқан аясында тіркеуге тұру және құжаттану қиындықтары бар 155 этникалық қазақ анықталды, оның 18-і бала. Десе де осы мәселені шешу бойынша көмек көрсетіліп жатқанын да айта кету керек.

Құжатсыз тұратын адамдарды анықтау бойынша науқан одан әрі жалғасын табады және Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында болады. Ал жеке басын куәландыратын құжатын уақытылы алмаған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 492-бабына сәйкес ескерту немесе айыппұл тағайындау көзделген.

- Сабыржан Жарылқағанұлы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу тәртібі қандай?

- «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын мынадай жағдайда алуға болады:

1) Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.

Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, әрекетке қабiлетсіз және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан не Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн тiзбе бойынша кәсiптерге ие және талаптарға сай келетiн адамдардан және олардың отбасы мүшелерiнен осы тармақшада көзделген шарттардың болуы талап етiлмейді;

2) Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

- Еліне оралған қандастарымызға азаматтық алуда қандай жеңілдіктер қарастырылған?

- Қандастарымыз үшін Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға және азаматтықты қабылдауға жеңілдетілген тәртіп белгіленген.

Сондай-ақ қандас мәртебесі бар барлық этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын өзінің бұрынғы мемлекетінің азаматтығынан шықпай қабылдай алады.

Сонымен қатар қандастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2020 жылы заңға тиісті өзгерістер енгізілді («2020 жылы 13 мамырда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы»).

Енді осы жылдың басынан бастап қандастарымыз үшін бір мезгілде және бір құжаттар негізінде Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіпте қабылдауға мүмкіндік туды.

Бұл құжатты қарау мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Мысал ретінде салыстыра кетсем, бұрын қандастарымыз алдымен елімізде тұрақты тұруға құжатты ресімдеген, оның қарау мерзімі 2 ай, одан кейін ықтиярхат куәлігімен құжаттандырылған, оның мерзімі 1 ай уақыт, содан кейін ғана Қазақстанның азаматтығына қабылдауға құжаттар тапсыратын, оны қарау мерзіміне 3 ай керек болған. Бүгінде осы рәсімдердің мерзімі қысқартылып, қолайлы жағдай жасалды.

- Танымды сұқбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы