Азаматтық алу тәртібі өзгерді

3 Қаңтар 2019, 18:20
14400
Бөлісу:
Азаматтық алу тәртібі өзгерді

Астана, baq.kz. «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесін және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы № 1587 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қаулыға қол қойды.

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесін және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы № 1587 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2005 ж., № 23, 284-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесі және оларға қойылатын талаптарда:

реттік нөмірі 6 және 10-жолдар мынадай редакцияда жазылсын: «

6.

Дәрігер

Медицина саласындағы ғылыми дәрежесi мен атағының, ғылыми-зерттеу жұмыстарының және халықаралық маңызы бар iзденiстерiнiң, халықаралық сертификаттарының болуы, сондай-ақ мамандануына сәйкес:

1. акушерлiк пен гинекология;

ангиохирургия;

анестезиология-реаниматология;

кардиохирургия;

нейрохирургия;

онкология;

онкогематология;

оториноларингология;

радиология;

трансплантология;

фармакология және клиникалық фармакология;

жақ-бет хирургиясы саласындағы диагностика мен емдеудiң;

2. фармакогенетика саласындағы  фармакогеномиканың озық әдiстерiн меңгеруi

»;

«

10.

Нұсқаушы-спортшы

Спортшыда Олимпиада ойындарында біріншіден алтыншыға дейінгі орынды немесе әлем чемпионаттарында бiрiншiден үшiншiге дейiнгi орынды немесе Азия ойындарында бiрiншiден үшіншіге дейінгі орынды немесе Еуропа чемпионаттарында бiрiншiден үшіншіге дейінгі орынды немесе спорттың олимпиадалық түрлерi бойынша әлем кубогi финалдарында бiрiншi орынды немесе Азия, Еуропа чемпионаттарында, Дүниежүзілiк универсиадаларда, Дүниежүзілiк жасөспiрiмдер мен юниорлар ойындарында бiрiншiден үшiншiге дейiнгi орынды иеленген, сондай-ақ басқа да маңызды халықаралық жарыстарда бiрiншiден үшiншiге дейiнгi орынды иеленген кемінде халықаралық біліктіліктің спорт шебері спорттық атағының не халықаралық деңгейдегі спорттық біліктілігінің болуы

  »;

мынадай мазмұндағы реттік нөмірлері 25, 26, 27, 28, 29, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38, 39 және 40-жолдармен толықтырылсын:

«

25.

Денсаулық сақтау саласындағы маман

Медицина саласындағы ғылыми дәрежесi мен атағының, ғылыми-зерттеу жұмыстарының және халықаралық маңызы бар iзденiстерiнiң, халықаралық сертификаттарының болуы, сондай-ақ мамандануына сәйкес биоинформатика саласындағы биомедициналық деректерді талдаудың озық әдістерін меңгеруі

26.

Бизнес-талдаушы

Бизнес-талдау практикалары бойынша халықаралық танылған сертификатының және бизнес-процестерге талдау жүргізу мен модельдеу саласындағы мамандық бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

27.

Жүйелік архитектор

Ғылыми дәрежесі мен атағының, халықаралық сертификаттардың және бағдарламалық қамтылым архитектурасын әзірлеу мен жобалау бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

28.

Бағдарламалық қамтылым әзірлеушісі

Ғылыми дәрежесі мен атағының, мамандығы бойынша біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; ақпараттық-коммуникациялық және аддитивті технологияларды қолдана отырып, зерттеулерді, әзірлемелерді, бағдарламалауды және тестілеуді қоса алғанда, бағдарламалық қамтылымды әзірлеу бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

29.

Ақпараттық технологиялар  саласындағы жобалық менеджер

Ғылыми дәрежесі мен атағының, жобалық менеджмент саласындағы халықаралық танылған сертификаттарының; ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларды басқару бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

30.

Робот техникасы жөніндегі маман

Мамандығы бойынша біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; роботтарды бағдарламалау және модельдеу бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы

31.

Ақпараттық технологиялар саласындағы дизайнер

Мамандығы бойынша біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының, инфографика, виртуалды әлем бойынша дизайн саласында кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

32.

Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман

Ғылыми дәрежесі мен атағының, мамандығы бойынша біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету, ақпаратты қорғау жүйелерін әзірлеу және сүйемелдеу, ақпараттық қауіпсіздікті басқару және қамтамасыз ету процесін бақылау бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

33.

Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі аудитор

Ғылыми дәрежесі мен атағының, мамандығы бойынша біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік аудитін жоспарлау және бақылау талаптарына сәйкестігіне аудит жүргізу бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

34.

Ақпаратты қорғау жөніндегі инженер

Ғылыми дәрежесі мен атағының, мамандығы бойынша біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; ақпаратты қорғау жүйесін әзірлеу мен сүйемелдеу, ақпаратты қорғау құралдарын орнату, күйін келтіру және жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

35.

Жоғары оқу орындарының оқытушысы

Тиісті саладағы кемінде магистрдің академиялық дәрежесінің, әлемдік академиялық рейтингтердің алғашқы 100 (жүз) қатарына кіретін жоғары оқу орындарында кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

36.

Ғылыми қызметкер

(білім беру технологиялары, инженерия, жобалық басқару, аграрлық ғылымдар, медицина, биотехнологиялар, ақпараттық технологиялар, қаржы және экономика салаларында)

Ғылым докторы ғылыми дәрежесінің және халықаралық маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарының және ізденістерінің; халықаралық танылған ғылыми институттарда, зертханаларда және әлемдік академиялық рейтингтердің алғашқы 100 (жүз) қатарына кіретін жоғары оқу орындарында кемінде он жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

37.

Биоақпарат, молекулярлы биотехнология мен биоинженерия саласындағы маман (генетика, цитология, жануарлар мен өсімдіктердің селекциясы)

«Биоинженерия мен биоақпарат» саласындағы ғылым докторы ғылыми дәрежесінің немесе магистрі академиялық дәрежесінің; геномды диагностика, гендік инженерия, трансгеноз бен биотехнология әдістерін игеру бойынша біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; халықаралық танылған ғылыми институттарда немесе зертханаларда немесе жоғары оқу орындарында зерттеулерді жүргізуде, биологиялық объектілер, салыстырмалы геномикада компьютерлік талдаудың математикалық әдістері бойынша ақпараттың үлкен ауқымын өңдеу және кейіннен талдау жүргізуде кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің, сондай-ақ алгоритмдер мен бағдарламаларды әзірлеуде (мағынасы ашылған геномдар, биомолекулалардың кеңістікті құрылымдары, биологиялық объектілердің өзара іс-қимылы) жұмыс тәжірибесінің (осы тармақта жоғарыда аталған көлемде және талаптарда)  болуы

38.

Агроөнеркәсіптік кешенді модельдеу жүйелерін мониторингтеу және цифрландыру саласындағы маман

Қазіргі заманғы геоақпараттық жүйелер және әртүрлі дереккөздерден алынатын ауқымды деректер саласындағы мамандығы бойынша біліктілікті растайтын халықаралық сертификаттарының; объектінің орналасқан жері туралы, географиялық және экологиялық ерекшеліктері, бедерінің пішіндері, топырақ, өсімдіктер, гидрология туралы деректерді жинау және талдау бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы; қашықтықтан басқарылатын автоматтандырылған ауыл шаруашылығы құралымдарын құра білуі

39.

Автоматтандыру және басқару саласындағы маман

Ғылыми дәрежесі мен атағының, біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; табиғи ресурстарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің айналымын, жануарлар және өсімдіктер әлемінің қорғалуын, молаюы мен пайдаланылуын мониторингтеуді автоматтандырудың бақылау және басқару жүйелері мен құралдарын алгоритмдік, ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау мен қолдану бойынша; ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды мониторингтеу бойынша, табиғи ресурстарды, автономды жүйелерді, адамды энергияны, материалдар мен ақпаратты алу, өңдеу, беру және пайдалану процесіне тікелей қатысудан ішінара немесе толық босататын технологиялық желілер мен процестерді пайдалану және қорғау саласында есеп жүргізу бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

40.

Ауыл шаруашылығы машинасын жасау, техниканы GPS көмегімен басқару саласындағы маман

Ғылыми дәрежесі мен атағының, біліктілігін растайтын халықаралық танылған сертификатының; 3D модельдеуді пайдалану бойынша және ауыл шаруашылығы машиналарын жобалау мен жасау кезіндегі цифрлық бағдарламалық басқару, робот техникасын қолдану және GPS-басқарумен ауыл шаруашылығы машиналарын жасау бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы

».

2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының    Президенті                                                          Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2018 жылғы 26 желтоқсан                 № 814

Өзгелердің жаңалығы