Азаматтарға заң көмегін көрсетуде адвокаттардың атқарар еңбегі ерекше – құқықтанушы

8 Сәуір 2021, 14:23
2748
Бөлісу:
Азаматтарға заң көмегін көрсетуде адвокаттардың атқарар еңбегі ерекше – құқықтанушы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құқықтанушы Рамазан Сәрпеков бүгін Сенат қабылдаған адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері туралы заң жобасы бойынша пікірін білдірді.

Қоғамдағы сұраныс пен талаптың күшеюіне байланысты құқықтық көмек көрсетуді тек адвокаттарға ғана жүктеп қоймай, қолжетімді басқа да балама түрлерін қарастыру қажеттігі ескеріліп, жоғарыда аталған заңға заң консультантының заң көмегін көрсету тәртібі енгізілген болатын. Заң консультанты қажетті көмек алуға жүгінген тұлғаға ел заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда ол мұқтаж кез келген заң көмегін көрсетуге құқылы, - деді ол.

Адвокаттардың азаматтар мен заңды тұлғаларға білікті заң көмегін көрсету жолында атқарар еңбегін атап өтіп, заң жобасының кейбір ережелеріне тоқталды.
Адвокаттардың кәсіби дәрежесін көтеру, мемлекеттік органдарда заң жобаларын әзірлеу мен талқылау процесіне қатысу, әртүрлі дәрежедегі конференцияларды, дөңгелек үстелдер мен кездесулерді және басқа да қажетті іс-шараларды өткізу қаражатты талап ететіні белгілі. Сондықтан, аймақтық адвокаттар алқасынан республикалық адвокаттар алқасына барлығына ортақ мөлшерде белгіленген және жоғары көлемде түсіп отырса, жинақталған қаражат жоспарланған іс-шараларды өткізуге, қызметтерін жақсартуға, ішкі мәселелерін шешуге оң ықпал етіп, кәсіби беделдерін көтеруге көмегі болары сөзсіз», - деді Рамазан Сарпеков Facebook әлеуметтік желідегі жазбасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері туралы заң жобасына енгізілген жекелеген түзетулер бойынша Парламент палаталарының депутаттары арасында келіспеушіліктер туындап, келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданған болатын.

Бүгін Парламент Сенатының пленарлық отырысында келісім комиссиясының шешімі мақұлданып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.


Өзгелердің жаңалығы