Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азаматтар әлеуметтік жауапкершілікті күшейтулері керек, деді "Болашақ" қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.
Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша 5 шілдеден бастап елімізде 14 күндік шектеу шаралары енгізіледі. Бұл шешімді толық қолдаймын. Себебі, соңғы айда індетті жұқтырғандар саны күрт артты. Егер де, қазір карантин шараларын енгізбесек, ауруды одан әрі өршітіп аламыз. Алдағы екі аптада өзім барлық талапты сақтап, үйде боламын, - деді ол.
Лаура Демесінова осы істе азаматтарды жауапкершілікті күшейтуге шақырды.
Мен барша азаматты әлеуметтік жауапкершілікті көрсетіп, карантиннің барлық талабын орындауға шақырамын. Себебі, қазір өзін-өзі оқшаулау өте маңызды болып отыр. Ауруға шалдыққандар да, өздерінің туыстарына жұқтырмау үшін, оқшауланып емделгендері абзал. Сонымен қатар, жеке гигиена талаптарын ұстануды да естен шығармаған абзал, - деді Демесінова.
Айта кетейік, Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалдың өршуін және коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Мемлекеттік комиссия биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге келесі шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады.