Төтенше жағдай. Азаматтар мен экономиканы қолдауға қанша қаражат бөлінеді

17 Сәуір 2020, 23:39
1300
Бөлісу:
Төтенше жағдай. Азаматтар мен экономиканы қолдауға қанша қаражат бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде ҚР Президенті Қ. Тоқаев орын алған осы күрделі кезеңде экономиканы, шағын және орта бизнесті, халықты қолдауға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Бүгінде әлеуметтік және қаржылық реттеудің қолайлы жүйесін құруға күш салу маңызды болып отыр.

Төтенше жағдай кезінде азаматтар мен экономиканы қолдауға үш бағыт бойынша қосымша шығыстар қарастырылған.

Бірінші. "Жұмыспен қамтудың жол картасын" іске асыру, оның аясында инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, 254,3 мың жұмыс орны құрылатын болады.

Екінші. Әлеуметтік төлемдерді индекстеу және шетел валютасы бағамының өзгеруіне байланысты шығыстарды жабу. Бұл мақсатқа 315,4 млрд теңге бағытталады.

Үшінші. Азаматтар мен экономиканы қолдауға, оның ішінде Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыруға 293,4 млрд теңге бағыттау ұсынылады.

Осы қаражат аясында бір уақытта тұрмыс сапасын жақсартумен және табыс пен сұранысты ұлғайтумен өндірісті ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар мен жобаларды іске асыру көзделген.

Сонымен қатар, бюджет кірістері бойынша шығындарды жабу және жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін республикалық бюджет шығыстары 532,8 млрд теңгеге оңтайландырылды. Бюджет тапшылығы 840,7 млрд теңгеге ұлғайды.

Соның нәтижесінде, республикалық бюджеттің параметрлері төмендегідей қалыптасты:

түсімдер — 11,8 трлн тг;

шығыстар — 14,3 трлн тг;

тапшылық — 2,4 трлн тг немесе ЖІӨ-ге 3,5%.

Шешім қабылданғаннан кейін қаражатты сапалы және уақытылы игеру мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік сатып алу рәсімдерін және басқа да тиісті іс-шараларды уақытылы жүргізуі қажет.

Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қазіргі жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысы карантиндік іс-шараларды жүргізуге тартылған медицина және басқа да сала қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы