Түркия азаматы Атамқұловқа: Саябақ салсаңыздар, 5 мың доллар сыйлаймын

21 Қаңтар 2020, 16:13
2303
Бөлісу:
Түркия азаматы Атамқұловқа: Саябақ салсаңыздар, 5 мың доллар сыйлаймын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда тұрып жатқан Түркия азаматы Йогурт Селахеттин министр Бейбіт Атамқұловқа Алматыдағы Бутаковка шағын ауданында орналасқан су қорғау аймағында мейрамхананың заңсыз салынғаны туралы шағымын жеткізді. 

Бүгін "Nur Otan" партиясының қоғамдық қабылдауында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Йогурт Селахеттин мен оның жары Гулизар Лазгиеваның жанайқайын тыңдады. 

Мәселенің мәнісі – мынада. Алматының Бутаковка шағын ауданындағы Бейсеуов көшесінде қазақстандық азамат Ш.Б. Шыныбаев өз жеріне емес, су қорғау аймағына тиесілі 2 гектар аумаққа заңсыз түрде екіқабатты мейрамхана тұрғызған. 

Біз Бейсеуов көшесі 62 үйінде 2014 жылдан бастап тұрып келеміз. Бұл заңсыз салынған үй 2012 жылы эксплутацияға берілген. Ал, шын мәнінде 2012 жылы біз тұрып жатқан үй де, көршінің үйі де бұл жерде мүлдем болмаған. Ал, мейрамхана салған азамат бұл ғимарат 2012 жылы пайдалануға берілді деп отыр. Әуелде, бұл орында кішентай ғана 1960 жылғы үйшік ("избушка") тұрған. 2015 жылы азамат Ж.Шыныбаев су қорғау аймағында тұрғын-үй емес, мейрамхана салды. Оның үстіне, оның алып жатқан территориясы 2 гектардан астам жер толығымен қоршалған. Құжатта мүлдем басқаша көрсетілген. Біз Тұңғыш Президенттің атына да, әкімге және "Нұр-Отан" партисына да жаздық, айттық. Бұл азамат 2 гектар жерді қоршап алып, қарапайым адамдарға сол жерді жалға беріп отыр. Соның есебінен өмір сүріп жатыр. Ол жерден көлікпен өту мүлдем мүмкін емес. Өтетін жер жоқ. Жерді меншіктеп алған, - деп шағымданды түрік азаматы.

Шағымданушы орыс және қазақ тілінде сөйлей алмайтын болған соң, әйелі Гулизар ханым министрге айтқан сөздерін аударып беріп отырды. 

Бутаковкадағы бұл бассыздықты министр ретінде шешуге көмектесуіңізді сұраймыз. Бізге ешкім құлақ асқысы келмейді. Олар біздің қолымызда техникалық төлқұжат бар. "Кімге шағымдансаңыздар да өздеріңіз білесіздер" деп отыр. Қолда дәлелдейтін құжат бар. Сондықтан айтып отырғандарыңыз заңсыз дейді. Біз Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының тексеріс жұмыстарын жүргізуін талап еттік. Ресторан ол азаматтың жерінде емес, мемлекеттік су қорғау аймағында заңсыз тұрғызылған, - деп түсіндірді Гүлизар Юсупқызы.

Оның айтуынша, бұрын қорық болған, табиғаты әсем жерден учаскені иемденіп алған. 

Бұл орайда, Министр Бейбіт Атамқұлов арызданушының мәселесімен танысып болған соң, "таяқшаны бір сілтеп қалсам, әділдік бірден орнай кетпейді. Мұны біз рет-ретімен егжей-тегжейлі қарастырайық" деді.

Сіз шағымданып отырған азамат Алатау қорығының 10 соттық жерін жалға алған. Бірақ Ж.Шындыбаев 2 гектар аумақты құрайтын жерге мейрамхана тұрғызған. Біріншіден, бұл – заңды бұзу. Себебі, су қорғау аймағында орналасқан. Тиісті учаскенің шегінен шығып кеткен. Екіншіден – су қорғау аймағы болғандықтан, өзен аңғары мен өзен арнасынан белгілі бір метр қашықтық болуы тиіс еді. Ол тұрғын-үй ретінде қолдану керек еді. Оның орнына мейрамхана ашқан. Біздің министрлік тұрғын-үй құрылысы мен коммуналдық шаруашылық саясатына жауап береді. Міне, жанымда комитеттің төрағасы Мархабат Жайымбетов отыр. Қазір бізге осыған қатысты түсінік берсін, - деп министр Комитет төрағасынан мән-жайды сұрады. 

Ол заңсыз салынған ғимарат үшін Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы азамат Ж.Б.Шыныбаевты 2016 жылы әкімшілік жауапқа тартқанын айтты. 

Азамат Ж.Шыныбаев 49 жылға ұзақ мерзімге жалға алған жекеменшік 10 соттық жер учаскесінде ғимарат салған. Бірақ жеке тұрғын-үй құрылысы ретінде үй салынуы керек еді. Ол мейрамхана салған. 2019 жылдың 3 қаңтарында акт шыққан. Бірақ, ИЖС, яғни жеке тұрғын-үй құрылысы ретінде түрғызылған болса, оның мейрамхана ретінде пайдаланып жатқанын дәлелдейтін құжаттары жоқ. Заңсыз салынған ғимарат үшін Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы азамат Ж.Б.Шыныбаевты 2016 жылы әкімшілік жауапқа тартқан. Тұрғын үйлерді немесе тұрғын үй-жайларды рұқсатсыз қайта жабдықтағаны және қайта үшін жауапқа тартылды. Ал, бұл нысанның рұқсатсыз мейрамхана ретінде пайдаланылып отырғаны жөнінде Салық органдарына жүгіну керек деп санаймыз, - деді комитет басшысы Мархабат Жайымбетов. 

Екі жақтың жауабын тыңдап, министр Б.Атамқұлов мейрамхана су қорғау аймағында орналасқандықтан бұл сауалды жаңадан ашылған Экология министрлігіне де жолдайтынын мәлімдеді. 

Осы мәселемен Экология министрі мен қала әкімінің орынбасарына жеке өзім хабарласамын. Маған келіп көмекке жүгінген екенсіз, мен уәкілетті органның басшысы ретінде бұл заңсыздықты шешуге тырысамын. Біз заңсыз салынған нысандарды қадағалайтын құзырлы орган ретінде ГАСК әкімдікке қарайтын болған соң, еткен әрекетінің заңсыздығын тексеруге құқығымыз бар. Мен министр ретінде Сіздің көзіңізше комитет төрғасына нақты тапсырма бердім. Тиісті тексерісті бастайды. Бұл сұрақты бақылауға алдым, - деді Министр. 

Мемлекетке, халыққа тиесілі жерді меншіктеп алған азаматқа шағымданып келген Алматылық түрік азаматы заңсыз салынған мейрамхананың орнына саябақ салынса, әкімдікке 5 мың доллар беруге ниетті екенін білдірді. 

Егер сіздер басышылық етіп, Алматы қаласының әкімдігі сол жерге саябақ тұрғызса, біз 5 мың АҚШ долларын әкімдікке сыйлаймыз. Себебі бұл, күллі мемлекетке тиесілі жер, халықтың топырағы. Қарапайым адамдар неге бұл табиғаты көркем жерде еркін тыныс алып, демала алмауы керек? Бұл әншейін айтылған сөз емес, мен түрік азаматы ретінде өзімнің үлесімді қосамын. 5 мың долларды саябақ салатын болса әкімдікке сыйлаймын, - деп мәлім етті Йогурт Селахеттин.

Министр өзге елдің өкілі, яғни шетелдіктің алаңдаушылық білдіріп, орынды мәселені көтергеніне өз алғысын білдірді. 
Өзіңіз Түркиядан келіп Алматыда тұрсаңыз да, ел азаматтарынан, менің отандастарымнан артық біздің елдің табиғаты мен халқына жаныңыз ашып отыр. Сізге үлкен рахмет, - деп өз сөзін тәмамдады министр Бейбіт Атамқұлов.
Өзгелердің жаңалығы