Қазалыда жас сайлаушыға ұялы телефон сыйлады

9 Маусым 2019, 19:20
2937
Бөлісу:
Қазалыда жас сайлаушыға ұялы телефон сыйлады
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының Қазалы ауданында да кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру жүруде.

Ауданда 39 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Қазалыда 47 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Ал Ақылбек Есқазы бірінші рет сайлау науқанына қатысып отыр. Ең жас сайлаушы атанған Ақылбекке №56 сайлау учаскесі ұялы телефонды сыйға тартты.

Қазалыда жас сайлаушыға ұялы телефон сыйлады

«Биылдан бастап дауыс беру құқына ие болдым. Осындай жауапкершілікті сезіне бастағаным, маған ерекше әсер қалдырды. Ең алғашқы сайлауым, ең алғашқы дауысым. Өз таңдауымды жасадым», - дейді Ақылбек.

Ерлі-зайыпты зейнеткерлер Аққоян Ырсалиев пен Еркін Өмірзақова да дауыс беруге келді.

«Біз елдікті биік қоятын нағыз саясаткер адамды сайлауымыз керек. Еліміз бай-бақуатты болсын десек, таңдаудан қателеспеу қажет. Ол халқымыз, болашағымыз, жастарымыз үшін маңызды», - деді Еркін Өмірзақова.

№56 сайлау уческесіне Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев та келді. Қасында зайыбы Гүлшат Мүсілімова бар. Олар өз дауысын беріп, бірауыз пікірін айтты.

«Бүгін халқымыз үшін тарихи күн. Елдің тұрақты дамуында шешуші рөл атқаратын оқиға», - деді ол.

Ал Әйтеке би кентіндегі Мағжан Жұмабаев көшесі №25 үйінің тұрғыны Роза Ерниязова – денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш білдіргендердің бірі. Оған №57 сайлау учаскесінен жәшік жіберіліп, таңдау жасауға мүмкіндік берілді.

«Бүгінгі мереке құтты болсын. Барып дауыс беруге денсаулығым жарамайды. Сол себепті үйге келуін сұрадым. Қазір сайлау учаскесінен адамдар келіп отыр. Оларға рахмет, өтінішімді қабылдады. Ел-халық тиыш болсын», - дейді Роза Ерниязова.


Өзгелердің жаңалығы