Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Jas Otan жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Фейсбук парақшасында өткен онлайн кездесу барысында айтты.
Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол - қазақ тілі. Бірақ, праймеризде өзге тілді де қолдануға мүмкіндік бар. Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсіну қажет. Біз үшін азаматтың тілдік межесі емес, оның біліктілігі, өзгерістерге деген ұмтылысы маңызды. Әрине, егер азамат саяси институттың аясында жұмыс істеймін десе, Парламент Мәжілісінің депутаты немесе мәслихат депутаты боламын десе, оның қазақ тілін білу парызы болуы керек. Қазақстанда ең көп халық – қазақ халқы, мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі. Сондықтан, егер праймеризге қатысып жатқан үміткер қазақ тілін білетін болса, бұл оны жеңіске жетуге бір табан жақындатады, - деді ол.
Jas Otan жетекшісі Nur Otan партиясы қазақ тілін дәріптеу үшін мыңдаған іс-шара ұйымдастырып келе жатқанын айтып өтті.
Соның бірі – қазіргі партиялар ішінде Nur Otan айтыс өнерін жүйелі түрде қолдап келе жатқан жалғыз саяси партия. Барлық ұлттық өнерді қолдап келеміз. Айтыс өнерінің дамуын қазақ тілінің жандануы деп шегелеп айтуға болады. Сол себепті, саяси менеджмент ретінде қалыптасу үшін осы елдің рәміздерін, салтын, дәстүрін, жалпы өмір салтын білу – праймеризге қатысып жатқан әр азаматтың мүмкіндігін кеңейтеді деп есептеймін, - деді ол.