Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығы кеңейіп келеді

21 Қаңтар 2020, 07:22
1911
Бөлісу:
Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығы кеңейіп келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Қазақстан Республикасы - Еуропалық одақ" Ынтымақтастық кеңесінің 17-ші отырысына қатысты. Келіссөздерде еуропалық тарапты ЕО кеңесінде төрағалық етуші Хорватия сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич Радман таныстырды.

Сыртқы саясат ведомствосынан хабарлағандай, осы күні ЕО кеңесі 2020 жылғы наурызда күшіне енетін Қазақстан Республикасымен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) ратификациялауды аяқтау туралы шешім қабылдады.

Ынтымақтастық кеңесі негізгі фокусты ҚР - ЕО ынтымақтастығының саяси және сауда-экономикалық перспективаларын талқылауға бағыттады. Сондай-ақ тараптар әлемдегі ағымдағы ахуал туралы пікір алмасты.

ЕО-ның Орталық Азия бойынша және Еуропа мен Азияны өзара байланыстыру жаңа стратегияларын іске асыру жолдары мен бірлескен күш-жігер талқыланды.

ЕО кеңесінің өкілдері халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инновациялар, мәдениет, спорт және туризм мәселелерін қамтитын ынтымақтастықтың 29 перспективалық бағытында Келісім ережелерін іске асыру бойынша Қазақстанмен пәндік жұмысқа дайын екендігін білдірді.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту өзара іс-қимылдың басым бағыты ретінде қарастырылатынына келісті. Энергетика, көлік, қоршаған орта, білім және ғылым саласындағы өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге ерекше қызығушылық расталды.

Келіссөздер барысында тараптар ҚР президенті Қ.Тоқаевтың Брюссельге ағымдағы жылы жоспарланған сапарының дайындығын талқылады, сондай-ақ осы жылы өтетін ҚР - ЕО және ЕО - Орталық Азия ынтымақтастық құрылымдары желісі бойынша іс-шаралардың кестесін келісті.

Ынтымақтастық кеңесінің отырысы аяқталғаннан кейін Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы еуропалық БАҚ үшін баспасөз конференциясын өткізді.

Еуропалық одақ ҚР негізгі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады, оның үлесіне еліміздің экономикасына сыртқы сауда айналымы мен инвестицияның шамамен жартысы тиесілі.

Айта кетейік, 2019 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 28,7 млрд АҚШ долл құрады. Оның ішінде экспорт - 22,7 млрд  долл, импорт - 6 млрд долл көрсетті. 

Жалпы Қазақстан 2015 жылы ЕО-мен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азия аймағындағы алғашқы ел болды.

Өзгелердің жаңалығы