Астана, BAQ.KZ. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір спортшымыз жеңімпаз атанды. 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайхан Тайсуев чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты, деп хабарлады ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.
"Жұлқа көтеруде 127 келіні, серпе көтеруде 161 келіні еңсерген Тайсуев қоссайыс қорытындысы бойынша 288 келіні бағындырды. Бұл өз қатарластары арасында әлем чемпионы атану үшін жеткілікті көрсеткіш еді", - делінген хабарламада.
Одан бөлек, Сайхан Тайсуев серпе және жұлқа көтеруден кіші алтын жүлдені де өз еншісінде қалдырды. Қазақстандық зілтемірші серпе көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордына да түзету енгізді.
Бұл Қазақстан спортшыларының әлемдік сындағы екінші алтын медалі. Кеше Ақмолда Сайрамкез 61 келіге дейінгі салмақта топ жарған болатын.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасын белгілі ауыр атлет Бақыт Ахметов жаттықтыратынын еске саламыз.