Қазақстандықтар мамырда 1 467 алтын құймаcын сатып алды

11 Маусым 2020, 12:15
2070
Бөлісу:
Қазақстандықтар мамырда 1 467 алтын құймаcын сатып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы мамырда ел тұрғындары екінші деңгейдегі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 62 165 грамм 1 467 өлшеуіш құйма сатып алды. Барлығы 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 845 060 грамм 25 968 өлшеуіш құйма сатылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алтын құймалары бес түрде ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында салмағы 10 г. құйма ең көп сатып алынады. Сатудың жалпы көлемінен оның үлесі 6 969 дананы (27%) құрайды. Одан кейін 5 грамдық – 6 050 дана (23%), 20 грамдық –4 966 дана (19%),100 грамдық – 4 933 дана (19%), 50 грамдық – 3 050 дана (12%) тұр. Құймаларды сатып алу бойынша өңірлер арасында көшбасшы Алматы қаласы (сатылған құймалардың жалпы санынан 50,3%), одан кейін Атырау (18,4%), Нұр-Сұлтан (11,4%) және басқа өңірлер (19,9%) болды. Кері сатып алуға жалпы массасы 3 010 грамм 106 өлшеуіш құйма қабылданды. Бұл алтын құймалары инвестициялаудың және жинақты жинаудың ұзақ мерзімді құралы болып табылады, - делінген хабарламада. 

Қазіргі кезде алтын құймаларын Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банктік емес айырбастау пунктерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады.

Алтын құймалары инвестициялаудың сенімді құралы ретінде болуы мүмкін. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке "сол күні" ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалары нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы.

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт) және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және орауы ашылғанын немесе ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орауда шығарылатынын ескертеміз. Қорғаныш орауы да құйма сапасының сертификаты болып табылады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтау және орауды ашпау ұсынылады. 2020 жылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша алтынның 1 граммының құны 21 918,57 теңгені құрайды, - делінген хабарламада.
15:14




Өзгелердің жаңалығы