Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні және Хиросима мен Нагасакидің атом бомбалауының 75 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің қызметкерлері "Bike for Peace" (Велосипедшілер бейбітшілік үшін) қозғалысымен ұйымдастырылған веложарысқа қатысты.
Кездесуге Норвегия Парламентінің, муниципалитеттердің, бизнес және академиялық топтардың өкілдері қатысты.
Үш күн ішінде қатысушылар Осло және Акерсхус провинцияларындағы қалаларына барды. Осло, Лиллестрём, Йезхайм және Эйдсвол қалаларының мэрлерімен, сондай-ақ Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқаны (ICAN) және "Nei til atomvåpen" (Ядролық қаруға жол бермеу) ұйымы жетекшілерімен кездесулер өткізілді.
Жарыс қатысушылары Норвегияның Сыртқы істер министрлігінде қарусыздану мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Йорн Осмундсенмен сұхбаттасты.
Қазақстандық дипломаттар Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптары, КСРО-дан мұраға қалған ядролық зымырандық әлеуетті бөлшектеу тарихы, сондай-ақ жаһандық ядролық қарусыздану бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығымен таныстырды. Елшіліктің қызметкерлері норвег тілінде басылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Бейбітшілік кіндігі" кітабын тарту етті.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезінде әлемдегі төртінші ядролық әлеуетке ие болған. Ел өзінің барлық ядролық қаруын бөлшектеді. Бұл басқа ядролық мемлекеттер үшін орасан үлгі, - деп "Bike for Peace" президенті Туре Нэрланд Осло мэриясының алдындағы алаңында сөйлеген сөзінде атап өтті.
Жүзден астам елде ядролық қаруға қарсы велошеру мен митингілер ұйымдастырған Т.Нэрланд өзінің Қазақстан аумағындағы, оның ішінде Семейге сапарымен барғанын жылы лебізбен еске алды.
Сонымен қатар, Осло қаласының мэры Марианн Борген, "Бейбітшілік жолындағы мэрлер" қозғалысының мүшесі, "Бұл бүкіл әлемдегі ядролық қаруға тыйым салуға мүмкін екендігінің дәлелі" деп Қазақстанның антиядролық қозғалыстағы рөлін атап өтті.
Стортинг депутаты Химаншу Гулати Нұр-Сұлтан мен Алматыға жасаған сапарлары туралы естеліктерімен бөлісіп:
Бізде Норвегия мен Қазақстан арасындағы достық пен сауда ынтымақтастығын кеңейту үшін үлкен әлеует бар. Біз Парламент мүшелері ретінде бұл салада өз рөлімізді орындағымыз келеді, - деп атап өтті.