Қазақстандық 39 спортшы Италияда өтетін Сурдлимпиадаға аттанды

7 Желтоқсан 2019, 01:45
2624
Бөлісу:
Қазақстандық 39 спортшы Италияда өтетін Сурдлимпиадаға аттанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Сарыарқа" велотрегінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен XIX қысқы Сурдлимпиадаға Қазақстан құрамасын шығарып салуға арналған іс-шара өтті.

Жаһандық дода 12-21 желтоқсан аралығында Италияның Вальтеллина және Валькиавенна қалаларында өткізіледі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК директоры Самат Ерғалиев және сайысқа аттанатын спортшылар қатысты.

Серік Сәпиев құрама спортшыларына сәттілік тіледі.

Сурдлимпиада сіздер үшін маңызды бәсеке екенін түсінемін. Себебі, ұзақ тер төгіп, тыңғылықты дайындалдыңыздар. Енді байрақты бәсекеде бақтарыңыз бен баптарыңыз қатар шауып, жоғары нәтижеге жетулеріңізге тілектеспін, - деді ол.

Сонымен қатар, Серік Жұманғалиұлы Сурдлимпиадаға қатысатын ұлттық құрама капитаны Азамат Ержанға мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады.

Айта кетейік, есту кемістігі бар спортшылар арасындағы төрт жылдықтың басты додасы шайбалы хоккей, сноуборд, шаңғы спорты, тау шаңғысы, керлинг және шахматтан өтеді.

Ал Қазақстан құрамасы Апенин түбегіндегі жарыста шайбалы хоккей, шаңғымен жүгіру, сноуборд және шахмат секілді төрт спорт түрінен бақ сынайды.

Биылғы жалпы бәсекеде ел намысын 39 спортшы қорғайды.

 

Өзгелердің жаңалығы