Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов бұрынғы КСРО төлқұжаттарымен жүрген адамдардың мәртебесін реттеп, құжаттандыру, әкімшілік кедергілерді жою және көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру туралы өткен брифинг барысында айтты.
Биыл арнайы акция ұйымдастырдық. Былтыр «Қызыл паспорт» негізінде 1727 адам құжаттандырылды. Биылғы 8 айда 867 адам жаңа құжат алды. Мысалы, Қостанай облысында ер адам 30 жыл бойы құжатсыз тұрған. Бүгінде ол жеке құжатына ие болды. Қарағанды облысында 46 жастағы әйел мен оның ұлы ұзақ уақыт бойы жеке куәліксіз тұрған екен. Қазір біздің қызметкерлер олардың қай жерде туғанын анықтап, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр, - деді ол.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының (БЖКБ) құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Шолпан Олжабаеваның айтуынша, 2014 жылдан бастап тексеру жұмыстары барысында 6 мыңға жуық адамның азаматтығы белгісіз екені анықталған.
Оның ішінде «Қызыл паспорт» ұстап жүрген азаматтар да болды. Анықталған адамдардың 60 пайызы біздің азаматтар болып шықты. Ал 10 пайызы азаматтығы анықталмағандар болып тіркелсе, 30 пайызы өзге елдің азаматы болып шығады. Бүгінде «Қызыл паспортпен» жүрген азаматтардың нақты статистикасын ешкім жүргізбейді. Өз кезінде бұл азаматтар Қазақстанның азаматтығын алу үшін органдарға жүгінбеген. Әсіресе, олар шалғай жатқан елді мекендердің азаматы болып жатады, - деді ол.