Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда киік төлдеу маусымы басталды. Инспекторлар киік төлін өргізетін жерлерді айрықша қорғауда, деп жазды Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі басшысы Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter-інде.
Табиғат заңы ешқашан өз дəстүрінен жаңылған емес. Дəл осы кезең киік төлдеп, құралайын өргізетін сəт. Мамырдың басында басталып, бірнеше аптаға созылатын қазақ айтатын "құралайдың салқыны" келіп жетті, - деді Мырзағалиев.
Министрдің дерегіне қарағанда, өткен жылы сайын даламызда 335 мың бас киік есепке алынған. Биыл киік санын əуеден көктемгі санау ТЖ режіміне байланысты кейінге шегерілді. Бұл жұмыс күзге қалдырылып отыр.
Қазірде инспекторлар киік төлін өргізетін жерлерді айрықша қорғауға кіріскен. Күш құрылымдармен бірге браконьерлікті болдырмау мақсатындағы "Киік" кең ауқымды акциясы іске асырылуда. Мамандар да ақбөкендердің хал-ахуалын жіті қадағалап отыр. Табиғат өз перзентіне мейірімін төгіп, маң даладағы киік саны көбейе түседі деп үміттенемін, - деп жазды министр.