Қазақстанда екі колония жабылады

26 Тамыз 2020, 16:09
2213
Бөлісу:
Қазақстанда екі колония жабылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен сотталғандарды тиісінше қалыпты жағдайда ұстау үшін жыл соңына дейін қылмыстық-атқару жүйесінің 2 мекемесін жабу жоспарланған. Олар – Қостанай облысы Құсмұрын кентінде орналасқан УК-161/4 және Шығыс Қазақстанда Шуақ кентіндегі ОВ-156/17 мекемелері. 

Соңғы он жылда Қазақстандағы жазаларды орындау мекемелеріндегі сотталғандардың саны 2 есеге азайған. Осыған байланысты, бірнеше жыл қатарынан тозығы жеткен, барлық жағынан ескірген колонияларды жабу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мәселен, өткен жылы біз осындай 4 мекемені жаптық. Оңтайландыру кезінде назарға алынатын тағы бір мәселе, ол - облыс орталықтарынан шалғайда орналасқан мекемелерді жабу. Себебі, сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, қызметкерлерді жұмысқа алу кезінде белгілі қиындықтар туындайды. Үнемделген қаржы өзге пенитенциарлық мекемелердің материалдық-техникалық жүйесін жақсартуға бөлінетін болады, - дейді ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының міндетін атқарушы Есқали Саламатов.

Жабылып жатқан колониялардың қызметкерлері қызметін қылмыстық-атқару жүйесінің өзге бөліністерінде жалғастыратын болады. Ал жазасын өтеп жатқандар кезең-кезеңімен коммуналдық-тұрмыстық жағдайы ұқсас жақын жерлердегі мекемелерге ауыстырылады. 

Сонымен қатар, заңнамалық талаптарға сәйкес сотталғанның жазаны өтеу орнына келгені туралы мекеме әкімшілігі сотталған адамның таңдауы бойынша оның жақын туыстарының бiрiне не заңды өкiлiне екі жұмыс күні iшiнде жазбаша хабарлама жібереді.

Өзгелердің жаңалығы