Қазақстанда 42 миллион SIM-карта сатылған

30 Қазан 2019, 13:35
1974
Бөлісу:
Қазақстанда 42 миллион SIM-карта сатылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтар өз атына қанша ұялы байланыс нөмірі тіркелгенін біле алады. Абонентке тіркелген нөмірлер санын білу үшін ЖСН-ды енгізу қажет. Жаңадан іске қосылған сервистің қызметі жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко айтып берді.

"Бүгінгі таңда 18 миллион халқы бар елімізде 42 миллион SIM-карта сатылған. Қазақстандықтар бұдан былай өз атына қанша ұялы байланыс нөмірі тіркелгенін біле алады. Абонентке тіркелген нөмірлер санын білу үшін азаматтың ЖСН-ін енгізу жеткілікті. Бұл сервис тіркелген нөмірлердің санын және қандай ұялы операторды да көрсетіп береді. Тіркелген нөмірлерді тексеріп беретін сервис Мемлекеттік радиожиілік қызметінің сайтында және Egov.kz сайтында орналастырылған. Бүгінде бір адамның атына бірнеше нөмірлер тіркелген фактілер өте көп. Кейбіреуінің атында бір-екі нөмір болса, ал енді біреуінде 20-30 нөмірге дейін тіркелген. Заңды иесі одан тіпті бейхабар болуы әбден мүмкін. Сондықтан да барша қазақстандықтарды сервис арқылы сим-карталарын тексеруге шақырамын", - деді комитет төрағасы Виталий Ярошенко.

Соңғы кездері азаматтардың өз аттарына белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгені туралы шағымдары жиілеп барады. Сондықтан тіркелген нөмірлердің санын тексеру қажет. Себебі оның иесі сол нөмірді пайдалану үшін жеке жауапкершілік өзіне алады.

Бұл орайда қазақстандық ұялы байланыс операторларының өкілдері де баспасөз конференциясына арнайы келіп, мән-жайды түсіндірді.

"Бөтен біреудің SIM-картасын пайдаланған адамға ешқандай жауапкершілік шаралары қолданылмайды. Құқықтық жауапкершілікке де тартылмайды. Бұл жерде басты қиындық сіздердің жеке деректеріңіздің қауіпсіздігі мәселесінде болып тұр. Себебі көптеген қаржылық операциялар ұялы телефон нөміріне тіркеледі. Осы орайда бірқатар қиындықтар тудыруы ықтимал",- деп атап өтті Бексұлтан Мейірбеков.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу аяқталды. Қазіргі уақытта барлық мобильді телефондар SIM-карта иелерінің ЖСН-ға байланған.

Өзгелердің жаңалығы