Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Хлорлы органикалық қосылыстардың артуының анықталуына байланысты Қазақстан мұнайының Қытайға экспорты тоқтатылды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2020 жылдың 16 қаңтарында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" мұнайын "ҚазТрансОйл" магистральды мұнай құбырлары жүйесіне қабылдаған кезде шикізат сапасына жүргізілген тест нәтижелері бойынша 204 Цельсий градусқа дейін қайнаған фракцияда органохлор қосылыстарының артық мөлшері табылған.
Сол күні "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-дан мұнай қабылдау жеткізілген мұнайдың сапасына қатысты мәселелер шешілгенге дейін тоқтатылды, – деді министрлік.Қазақстанның МӨЗ-ін тиеуді қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі "ҚазТрансОйлмен" бірлесіп мұнай ағындарын қайта бөлу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан, Қазақстан мұнайының Қытайға экспорты тоқтатылды. Жеткізілімнің төмендеуі – 30,9 мың тоннаны құрады, жоспарланған – 34,6 мың тонна.
"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" ресурстарынан тапсырылатын мұнай сапасы мәселелері реттелгеннен кейін Қытайға мұнай экспортын қалпына келтіру көзделіп отыр, – деп хабарлады Энергетика министрлігі.