Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 29 сәуірде Қазақстаннан ұн түрінде жіберілген гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы (800 тонна) Қырғыз Республикасына жеткізілді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Аталған жүк барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақтай отырып, теміржол арқылы 12 вагонмен жеткізілген.
Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік індетке қарсы әрекет жасау кезеңінде көрші елдерге қолдау көрсету мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстанға жалпы сомасы 3 млн АҚШ долларынан астам қаражатқа әр елге 5 мың тонна көлемінде ұн түрінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдаған.
Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрі Эркинбек Чодуевтың айтуынша қырғыз тарапы Қазақстан Республикасының Үкіметі көрсеткен көмекті жоғары бағалайды және бауырлас қазақ халқына терең ризашылық білдіреді.
Гуманитарлық көмек Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер қорының қоймасына орналастырылды.