Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Солтүстік Македонияға жұмыс сапары шеңберінде елдің әділет министрі Рената Дескоскаямен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
Тараптар қылмыстылықпен күрес саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
"Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар шарттарға қол қойылды - тұлғаларды беру туралы, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы, сондай-ақ сотталғандарды беру туралы. Бұл халықаралық келісімдер екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығын нығайтуға және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында маңызды үлес қосуға бағытталғаны айтылған", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Ғ. Нұрдәулетовтің пікірі бойынша, осындай шарттарды жасасу еуропалық қоғамдастық тарапынан Қазақстанның құқықтық жүйесіне деген сенімінің, біздің елімізде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдігін қамтамасыз етудің жалпыға танылған халықаралық стандарттарына жауап беретін құқықтық тетіктердің бар-жоғының айғағы болып табылады.
Сапар аясында Қазақстанның бас прокуроры Солтүстік Македонияның бас прокуроры Любомир Йовескимен кездесті.
Қадағалау ведомстволарының басшылары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылықты алдын алу және оның жолын кесу бойынша үйлестірілген іс-әрекеттердің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ өзара іс-қимылдың одан әрі қадамдарын белгіледі.