Қазақстан мен Ресей әртістері Чайковскийдің 180 жылдығына арналған жоба дайындады

6 Мамыр 2020, 09:22
2310
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей әртістері Чайковскийдің 180 жылдығына арналған жоба дайындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Ресей әртістері Петр Ильич Чайковскийдің 180 жылдығына арналған жобаны ұсынады.

Барша музыкалық әлем 7 мамыр күні Петр Ильич Чайковскийдің 180 жылдығын атап өтпек. "Астана Опера" театры Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы өкілдігімен, Ресейдің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен "Русское исполнительское искусство" қорымен бірлесе "Чайковский. Online" халықаралық жобасын ұсынады, аталмыш шарада белгілі қазақстандық және ресейлік
музыканттардың орындауында ұлы композитордың туындылары шырқалады.

Музыканттар қатарында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі, танымал баритон Азамат Жылтыркөзов, Мәдениет қайраткері, "Астана Опера" опера труппасының бас концертмейстері, пианист Елена Сахно, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, Ипполитов-Иванов атындағы мемлекеттік музыкалық-педагогикалық институтының ректоры Валерий Ворона, скрипкашы, дирижер, "Гремми" сыйлығының екі мәрте лауреаты Максим Венгеров, Ресейдің Халық әртісі, пианист, профессор Владимир Овчинников, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, виолончелист Борис Андрианов бар.

- Биыл әлемдік мәдени қауымдастық композитордың 180 жылдық мерейтойын атап өтуде. Біз өзіміздің тамаша әріптестерімізбен бұл оқиғадан шет қалған жоқпыз. Аталған концертте мен П.И.Чайковскийдің түрлі шығармашылық кезеңіндегі он романсын орындаймын. Оларды сипаты мен мазмұны жағынан жақын болуына қарай таңдап алдық. Көрермендер аудиториясына баршаның сүйікті "Растворил я окно", "То было раннею весной", "Благословляю вас, леса", "Нам звезды кроткие сияли" сынды романстары ұсынылады. Чайковскийдің жүзден астам романс шығарған, ал менің репертуарымда қырыққа жуығы бар, дегенмен болашақта барлығын да орындауға ниеттімін. Оның романстарын орындайтын әншілер бірең-сараң екендігін атап өткен жөн. Жақында ғана Чайковскийге арналған деректі фильм көрдім, одан әлемде әрбір үш минут сайын оның музыкасы, сонымен бірге Моцарттың музыкасы шырқалатынын білдім. "Астана Опера" театрында әрбір классикалық концерттің бағдарламасында П.И.Чайковский операларынан арияларды, романстарды кездестіруге болады, - деп атап өтті Азамат Жылтыркөзов.
Концерттік бағдарламалардан бөлек, театр репертуары 2019 жылы П.Чайковскийдің аңызға айналған "Евгений Онегин" операсымен толықты, сондай-ақ ұлы композитордың шығармашылығы елордалық театрда бірқатар танымал балеттер арқылы ұсынылатынын атап өткен жөн.

Романстардан басқа, карантин жағдайында музыканттар Чайковскийдің тамаша аспаптық туындыларын ұсынады. Олардың барлығы адамзат баласына төзім, махаббат, келісім мен бейбітшілік, сондай-ақ өнерге деген махаббаттың өшпеуін тілейді.

- Ең алдымен арамызда мықты достық қарым-қатынас орнаған атақты "Астана Опера" театрының әкімшілігіне алғыс айтқым келеді …Екі ел арасындағы мәдени байланыстар ұзақ жылдар бойындағы берік әрі өте табысты негізге ие. Ендеше, ешқандай қиындықтарға қарамастан, осы байланыстар ары қарай дами беретіндей бірге әрекет етейік, - деді Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин.
Сонымен қатар оның айтуынша, қазіргі таңда Ресей, Қазақстан және басқа да елдердің жазушылары, ақындары, әртістері, музыканттары өз өнерлерін ортақ жауымыз – пандемияға қарсы күресуге белсенді бағыттап жатқандығын көруге болады. "Чайковский. Online" жобасы – соның жарқын куәсі.
 – Қазақстанда ұлы орыс композиторының 180 жылдығын атап өту туралы Ресей Елшілігі мен Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің бастамасын қос елдің үздік шығармашылық күштерінің қолдауы қуантады, - деп қорытындылады Алексей Бородавкин.
Қазақстандағы "Чайковский. Online" концертін 7 мамыр күні сағат 20:00-де "Астана Операның" YouTube каналынан тамашалауға болады.
Өзгелердің жаңалығы