Қазақстан халқы Қара майорды ақтық сапарға шығарып салды

14 Ақпан 2019, 10:55
2734
Бөлісу:
Қазақстан халқы Қара майорды ақтық сапарға шығарып салды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ауған соғысында «Қара майор» деген атпен есімі аңызға айналған Борис Керімбаевты Алматы жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды.

Офицерлер үйінде өтіп жатқан қаралы жиынға марқұмның жақындары мен достары, әскери қызметкерлер көп жиналды.

Аты аңызға айналған Қара майордың 71 жасына қараған шағында көз жұмғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші отрядтың командирі, Қазақстан Қарулы Күштерінің аңыз адамы, отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың өліміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Борис Керімбаев зейнет жасында болса да жастармен сөйлесіп, тәжірибесімен бөлісіп отырыпты.

Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы В.И.Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдаған. 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болды. Сауатты басшылықтың арқасында батыр командирдің сарбаздары аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жетіп отырғанын жұртшылық жақсы біледі. Оның ерлігі аңызға айналып «Қара майор» деген лақап аты күллі аймаққа жайылды. «Спецназ ГРУ СССР» деген кітаптағы тізім бойынша төртінші орынды нық иеленген қазақ жігітін сол кездегі кеңестік саясаттың өзі осылай жоғары көтеріп мойындаған. 1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты.

Әділет Мұсахаев

Фото: tengrinews.kz


Өзгелердің жаңалығы