Қазақстан футболшыларының «келісілген» ойынға қатысқаны анықталды

8 Қазан 2019, 17:55
1780
Бөлісу:
Қазақстан футболшыларының «келісілген» ойынға қатысқаны анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан футболында келісілген ойындардың көптігі туралы әңгіме жиі айтылып тұрады. Жақында ресми түрде алғашқылары анықтала басталады.  

Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков шұғыл жиын өткізді.  Отандық футбол жетекшісінің бастамасымен өткен кездесуге ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев, төрешілердің сараптамалық комиссиясының төрағасы Сергей Кенетаев, сонымен қатар, ҚФФ заң департаментінің директоры әрі Integrity officer Әлібек Нұрсейітов қатысты. 

Ең алдымен жиында УЕФА-дан түскен ақпарат туралы айтылды. Спорт саласында ақпарат жинап, талдау жасайтын Sportradar корпорациясы Еуропалық футбол қауымдастығына қазақстандық кәсіпқой футбол клубтарының ойындарында спорттық тартыстың қағидалары сақталмайтынын хабарлаған. Sportradar корпорациясы - бәс тігуде күмәнді мәліметтерді талдайтын сараптамалық ұйым. 

Бірінші лига командалары арасында Қазақстан біріншілігінің ойындары сол мәліметтерге іліккен. «Ақтөбе» футбол клубының жанынан құрылған «Ақтөбе-Жас» жастар командасының осы іске қатысы бар екені анықталған. Жиынға «Ақтөбе» командасының бас директоры Самат Смақов шақырылды. 

Сонымен қатар,   Талдықорғанның «Жетісу Б» командасының ойыншысының де осы іске қатысы бар екені анықталды. Әділетті ойынды сақтау комитетінің отырысы жақын арада өтеді. 

«Өкінішке қарай, мен бірнеше ойыншының келісілген матчтарға қатысқандығы туралы ақпаратты растауға мәжбүрмін. Әңгіме бірінші және екінші лига матчтары жайлы. Осыған орай, барлық «Ақтөбе» жанкүйерлеріне қарата айтқым келеді. «Ақтөбе» эмблемасын төсіне тағып жүрген футболшылар келісілген мачтарға қатысады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұл мен үшін үлкен шок болды.Қазақстан футбол федерациясында болдым. Ол жақта барлық жағдайдан хабардар, жіті бақылауда ұстап отыр. Қысқасы – бәрі «Жетісу-Б» командасының капитанынан басталды. Ол «Ақтөбе-Жас» және «Ақтөбе-Ж» ойыншыларымен байланысқа шыққан, тіпті осында келген. Өзара бірнеше кездесу болған. Мұның бәрін Украина елінің адамдарының бақылауында болған. Күмән жаз бел ортасына келген кезде туындай бастаған еді. Бірақ біз нақты бір дәлел болмағандықтан ешқандай кінә арта алмадық. Қазіргі уақытта дәлелдер бар – ойыншылардан бар кінәлары мойындап жазылған түсініктемелері алынды.Ең қынжылтатыны – осының бәрін біз үлкен сенім артып келген өзіміздің жергілікті ойыншыларымыз жасады. Оның үстіне клубтың дәл осындай қиын кезеңінде олардың осындай лас қадамға барып отырғандары көңілге үлкен қаяу түсіреді», - дейді «Ақтөбе» клубының директоры Самат Смақов. 

Клуб директоры адами факторларға байланысты олардың аты-жөндерін айтпауды жөн көрдім деп отыр.   

«Біріншіден, олар өз-өздерін жазалады. Екіншіден, маған олардың ата-аналары келіп, ұлдары үшін кешірім сұрады. Олар осы қаланың тұрғындары, әлі де тұра береді. Мен және менің командам бізді жеккөрушілердің жоспарының іске асуына жол бермейміз. Былтыр мен туған командама ол үшін келген жоқпын. Ойыншы ретінде де, қазір де мен клуб үшін адал қызмет етіп келемін. Мен «Ақтөбенің» бұрынғы деңгейіне көтерілгенін сіздерден кем қаламаймын. Мен жылдар бойы тірнектеп жиған абыройымды тәуекелге қойып, осы клуб үшін аянбай тер төгіп келем және сол абыройыма нұқсан келетін тірліктермен айналысудан аулақпын, басқалардың да нұқсан келтірулеріне жол бермеймін. Сондықтан болар, клубқа, соның ішінде маған қарсы айтылған теріс пиғылды сөздер мені қынжылтады. Асығыс шешім қабылдамаңыздар. Адамдарды істеп жатқан істеріне қарап бағалаңыздар. Алайда маған, клубқа кім қандай күйе жақса да біз тек алға жүре береміз, Ақтөбе футболының игілігі үшін қызмет ете береміз», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы