Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біздің ел бұл шараға қатарынан үшінші жыл қатысуда.
2020 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстан Дүниежүзілік «World Clean up day 2020» тазалық күніне қатысады. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «StopMusor» жобасы және #Бізтазаелүшін #Birge #TazaQazaqstan экологиялық қозғалыс шеңберінде аталмыш акцияға қатыспақ ниетте, деп хабарлады қауымдастықтың баспасөз қызметі.
Іс-шара Сайран көлінің маңында өтеді. Акция сағат 10:00-де басталып, 12:00-де аяқталады. Шарада Алматы қаласының Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері мен қауымдастықтың басқарма төрайымы Айгүл Соловьева және «Еріктілерге арналған экологиялық мектептің» онлайн-курстарында дәріс алушылар болады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында мектептер мен жоғары оқу орындарында жас ұрпақтың экологиялық тәрбиесіне тиісті назар аударылуы қажет екенін атап өтті. Қоғамдағы экологиялық құндылықтарды нығайтуға арналған «BirgeТazaQazaqstan» экологиялық акциясы жүйелі түрде жүргізілуі тиіс, - делінген ақпаратта.Акция қоршаған ортаға арналған уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге ғана емес, пікірлес адамдармен танысуға, азаматтардың экологиялық санасының қалыптасуы мен дамуына да мүмкіндік береді.
Ғаламдық шараға жыл сайын әлемдегі 157 мемлекет, 18 миллион табиғаттың жанашырлары мен еріктілер планетамызды қоқыстан тазартуға қатысады. Ал біздің ел бұл шараға қатарынан үшінші жыл қатысуда.