Астана, BAQ.KZ. 31 наурызға дейін жалғасатын бұл кастингте алматылықтар жоғары белсенділік танытуда. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі хабарлады.
"Өздеріңіз жақсы білетіндей, Алматыда кастинг ақпанның 25-нен бастап өтіп жатыр. 31 наурызға дейін жалғасатын бұл кастингке алматылықтар белсенділікпен қатысуда. Алғашқы кезде күн сайын 500 адамнан қабылдадық. Поштамызға 9000-нан астам өтініш келіп түсті. Кастинг Талдықорғанда да өтті. Енді міне, еліміздің 24 бірдей қаласында республикалық кастинг өткіземіз. Кастингке кәсіби актерлер де, қарапайым қала тұрғындары да қатыса алады", - деді жобаның кастинг бойынша продюсері Алма Баймұратова.
Естеріңізге сала кетсек, қазақтың ұлы хандарының бірі – Қасым ханның өмірі туралы баяндайтын киножобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсіреді. Фильмнің көркемдік жетекшісі – "Ертұрғыл" сериалын түсірген түрік режиссері Метин Гюнай.