Қазақ боксшысы қытайлық қарсыласын жеңді

5 Наурыз 2020, 17:33
1902
Бөлісу:
Қазақ боксшысы қытайлық қарсыласын жеңді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Иорданияның Амман қаласында бокстан Токио Олимпиадасына аймақтық іріктеу турнирі өтіп жатыр.

Қазақстан ерлер құрамасы жарыс жолына шыға бастады. Бүгін 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Зәкір Сафиуллин алғашқы айналымда қытайлық Чжан Чуннан басым түсті. 

Төрешілер үш раунд қорытындысы бойынша жеңісті қазақстандық боксшыға берген. Енді Зәкір 9 наурызда Ираннан келген Ризаи Ашканмен кездеседі. 

Бүгін сондай-ақ 81 келідегі әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Жаңа Зеландия өкілі Жером Помпеллонмен жолығады. Ал  21:00-де басталатын кешкі сессияда 75 келідегі Әбілхан Аманқұл Оңтүстік Корея өкілі Ким Жинжиямен кездеседі. 

Жалпы, 8 салмақ бойынша Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады.

Айта кетейік, 33 жастағы Зәкір Сафиуллин бірде-бір рет Олимпиадаға қатыспаған. Боксшы үшін Токио Олимпиадасы соңғы мүмкіндік болмақ. Егер Жапония астанасында өтетін төрт жылдықтың басты додасына жолы түсіп жатса, спортшы ел үмітін абыроймен қорғауға тырысатынын айтты. 

Зәкірдің халықаралық аренадағы ең басты жетістігі - 2015 жылғы Азия чемпионатындағы күміс жүлдесі. Жалпы, ұлттық құраманың бапкерлер штабы боксшының еңбекқорлығын жоғары бағалайды.


Өзгелердің жаңалығы