"Аз зерттелген алып ел". Қазақ көрмесі француздарды тәнтті етті

Бүгiн, 18:05
199
Бөлісу:
"Аз зерттелген алып ел". Қазақ көрмесі француздарды тәнтті етті
Фото: Lola Moser

"Қазақстан Гиме музейінде: Орталық Азияның аз зерттелген алып мемлекетінің таңғажайып тарихы" – дәл осындай тақырыппен француздық geo.fr сайтында мақала жарық көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның бай әрі терең тарихын қаншалықты білесіз? Азияның жүрегінде орналасқан, алып далалаларымен ерекшеленетін бұл ел өзінің мәдени және тарихи мұрасымен таңғалдырудан жалыққан емес. Осы жолы Қазақстанның өткені мен өркениеті Париждегі әйгілі Гиме музейінде ұсынылып, еуропалық көрермендерді таңғалдыруда, - делінген мақалда.

Тарихи панорама: көрме несімен ерекше?

Гиме музейі жыл сайын әлемнің әртүрлі елдерінің тарихын таныстырады. Бұған дейін Тәжікстан (2021), Ауғанстан (2022) және Жапония (2023) мәдени мұрасын паш еткен музей биыл Қазақстанның тарихи қазыналарын жинақтап отыр. Көрме кең ауқымды ақпарат беріп қана қоймай, оны көздің жауын алатын бес бірегей жәдігер арқылы жеткізеді. Бұл жәдігерлер б.д.д. III мыңжылдықтан бастап XVIII ғасырға дейінгікезеңдерді қамтиды.

Көрмеде нені көре аласыз?

Көне дәуірдің бейнесі – Антропоморфтық мүсін және сақ жауынгерінің алтынмен апталған заттары. Бұл жәдігерлер еуразиялық далада көшіп-қонып өмір сүрген сақтар мәдениетінің көрінісі.

Орта ғасырдың ізі – VI-XI ғасырларға тиесілі балбал тастары. Түркі дәуірінде жасалған бұл мүсіндер Қазақстанның сол кезеңдегі тайпалық конфедерацияларын бейнелейді.
Ислам өркениетінің мұрасы – XIV ғасырдағы атақты билеуші Әмір Темір дәуірінен қалған қола шамдар. Олар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін безендірген.

Шыңғыс хан ұрпақтарының билігі – XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының негізі қаланған кезеңді бейнелейтін жәдігерлер. Бұл дәуір қазақ халқының мәдени және этникалық бірлігі қалыптасқан уақыт ретінде саналады.

Ресей империясының ықпалы – XVIII ғасырдан бастап Қазақстан Ресей империясының құрамына енген кезеңді сипаттайтын жәдігерлер көрмеде ұсынылған.

Мақалада көрменің маңызы жөнінде былай делінген:

Бұл көрме Қазақстан тарихын жаңа қырынан таныстырып, оның тек көшпенділер мекені емес, сан ғасырлық өркениеттердің тоғысқан орталығы екенін дәлелдейді. Қазақ даласының жаһандық тарихтағы орны, мәдениетінің көпқабатты бейнесі, сондай-ақ оның әлемдік өркениетке қосқан үлесі еуропалықтарға тың серпін беруде. Гиме музейіндегі бұл ерекше көрме Қазақстан туралы аз білетін, бірақ оны тереңірек түсінгісі келетін жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Еуропаның төрінде қазақ мәдениетінің көрініс табуы – ұлт тарихының халықаралық деңгейде мойындалуының тағы бір айғағы.

Өзгелердің жаңалығы