Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті қаламгердің 22 жыл бойы тұрған үйінде ашылған музейдегі жәдігерлермен танысты.
Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қырғызстанға жасаған мемлекеттік сапарының мәдени іс-шаралар бағдарламасы аясында президент Сооронбай Жээнбековпен бірге қырғыз халқының көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың музей-үйіне барды.
"Жазушының әйелімен және баласымен әңгімелесу барысында Қазақстан президенті Ш.Айтматовпен 1989 жылы Пекинде танысқан сәтін еске алды", - делінген Ақорданың хабарламасында.
Мемлекет басшысына Бішкек қаласында Ш.Айтматов атындағы мәдени орталық ашылатыны туралы айтылды.
Экскурсия соңында мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды.