«Әйтенов қолымды қайырып, ұрды» - Дана Әтешова сотта көз жасын әрең тоқтатты

2 Тамыз 2024, 11:45
1295
Бөлісу:
«Әйтенов қолымды қайырып, ұрды» - Дана Әтешова сотта көз жасын әрең тоқтатты
Фото: автордан -архив

Әйеліне күш көрсетті деп айыпталған Марат Әйтеновке қатысты сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот отырысында Әйтеновтың бұрынғы әйелі Дана Әтешовадан жауап алынды. Жәбірленуші осы жылдың 12 шілдесі күні экс-күйеуімен арадағы болған оқиғаны баяндап берді. Келіншек булығып сөйлеп, бірнеше мәрте жылап та қалды. Соның салдарынан судья сот отырысы барысында үзіліс жариялауға мәжбүр болды. Әтешованың айтуынша, бұрынғы әйелін балаларымен бірге үйден мәжбүрлеп көшірмекші болған Әйтенов оларға күш көрсетіп, қысым жасаған.

Балалармен баспалдақта отырған кезде, айыпталушы /Әйтенов – ред./ ұл-қызымнан «Менімен бірге барғыларын келе ме?» деп сұрады. Балалар жылай бастады. Ол мұны елемеді. Кейін оларға психикалық қысым жасай бастады. «Менің өлгенімді қалайсыңдар ма?» деген сұрақ қойды. Мен оны тоқтатуға тырыстым - дейді ол.

Дана Әтешова балаларының денсаулығына қауіп төнгенін айтты.

Мені ұстап алып, баспалдаққа итерді. Қасымда отырған қызымның үстіне құладым. Қызым «Әке, ауырды» деп айқайлады. Қарасам, мұрны қанап кетіпті. Маратқа қарасам, көзіне қан құйылып, түрі қорқынышты болып кеткен – деді Әтешова.

Әтешованың айтуынша, жанжалға сол жерде жүрген сот орындаушылары мен тәртіп сақшылары куә болған. Алайда, олар Әйтеновты тоқтату үшін ешқандай әрекет жасамаған көрінеді. Әйтенов бұрыңғы әйелін баспалдақтан сүйреп түсіріп, күшпен сыртқа шығаруға тырысқан екен. Соның салдарынан Әтешова бірнеше мәрте құлап, дене жарақаттарын алғанын айтып отыр.

Қолымды қайырып, ұрды, баспалдақтан жұлқылап түсірді. Басымнан соққы алдым. Иығымнан қатты қысты, әлі көгеріп тұр. Басқа да жарақаттарым бар – деді Әтешова.

Осыған дейін өткен сот отырысында Марат Әйтенов бұрынғы әйелін ұрмағанын, күш көрсетпегенін айтқан еді. Ол Дана Әтешоваға теріс әрекет жасау пиғылы болмағанын жеткізген. Одан бұрын Шымкент қаласы экс-әкімінің ағасы бес тәулікке қамауға алынған болатын.

Өзгелердің жаңалығы