Бұрынғы әйеліне күш көрсетті деп айыпталып отырған Марат Әйтеновтың соты барысында бұл іске қатысты бірнеше полицейдің жазаланғаны туралы белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
12 шілде күні Дана Әтешова және оның балаларын мәжбүрлеп көшіру кезінде оқиға орнында тәртіп сақшылары болған. Астана қаласы полиция департаменті басшылығының шешімімен бірнеше полицей жазаға тартылып отыр. Ол туралы сот барысында мемлекеттік айыптаушы жеткізді.
Өздеріне тиесілі міндеттерді дұрыс орындамағаны үшін 2 учаскелік полицей қызметтерінен босатылды. Олармен бірге Есіл аудандық полиция басқармасының бастығы да қызметінен кетті. Ал Есіл аудандық жергілікті полиция басқармасының бастығына "қатаң сөгіс" жарияланды- деді мемлекеттік айыптаушы.
Бұған дейін Әйтенов кінәсін мойындайтынын айтып, соттан істі созбауды сұраған. Ал оның бұрыңғы әйелі Дана Әтешова сотта оны Әйтеновтың қалай ұрғанын айтып берген еді.