Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Әлихан Смайылов вегетациялық кезеңді сумен қамту былтырмен салыстырғанда жақсы екенін айтты.
Су еліміз үшін әрқашанда өзекті мәселелердің бірі саналады. Сондықтан бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көршілес елдермен тиісті комиссиялар, жұмыс топтары құрылған. ЕЭАО, басқа да екіжақты кездесулер болсын, әрқашан әріптестерімізбен бұл мәселені бөлек талқылаймыз. Мысалы, биыл Сырдария өзені бассейні бойынша төрт елдің - Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері арасындағы келісімге қол қойдық, - деді Әлихан Смайылов.
Айтуынша, нәтижесінде Шардара су қоймасына 5 млрд текше метр су жиналған.
Көктемде Көксарай су қоймасына 850 млн текше метр суды жинай алдық. Жыл басында Көксарай су қоймасы құрғап кеткен еді. Жалпы, былтырмен салыстырғанда осы екі су қоймасына 340 млн текше метр суды артығымен жинап отырмыз. Яғни, Сырдария өзенінің жағдайы биыл былтырмен салыстырғанда жақсы, - деді Үкімет басшысы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына берген сұхбатында.