Аймағамбетов: Биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізілетін болады

25 Тамыз 2021, 09:34
13226
Бөлісу:
Аймағамбетов: Биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізілетін болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібіне тоқталып өтті. Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Шын мәнінде, бұл — мектеп директорлары, оқу меңгерушілері, педагогтер және сарапшылармен бірлесе бір жылдан астам уақыт атқарған тынымсыз жұмыстың нәтижесі.

Біріншіден, енді мектеп директорының міндетін атқарушысы болып үш айдан аспайтын және бір реттен артық емес мерзімде ғана істеуге болады. Осы кезеңде конкурс өткізіліп, жаңа басшы тағайындалуы керек.

Ережеде белгіленгендей, мектеп директорының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс туралы хабарландыру бос орын пайда болғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде Білім басқармасының ресми сайтында және аккаунтында орналастырылуы керек.

Осылайша, бос немесе уақытша бос директор лауазымына конкурс жарияламай-ақ, жылдар бойы директордың міндетін атқарушысы болып жұмыс істеп жүре беруге енді жол берілмейді.

Айтпақшы, бүгінгі таңда елімізде мектеп басшысы лауазымына 700-ден астам бос жұмыс орны бар және сәйкесінше ол жерлерде директордың міндетін атқарушы адамдар жұмыс істеп жүр.

Екіншіден, Ережеде директордың уақытша бос лауазымына (бала күтіміне байланысты демалыс, оқу және т.б.) тағайындау регламенттелетін болады. Мұндай жағдайларда да ұйым басшысы тікелей тағайындау емес, конкурс арқылы анықталатын болады.

Үшіншіден, енді директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімдері емес, облыстық білім басқармалары өткізетін болады. Яғни, конкурстық рәсімдерді ұйымдастырады және директорларды анықтайды. Содан кейін директордың кандидатурасы бойынша құжаттар еңбек шартын жасасу үшін білім бөліміне жіберіледі. 5 жылға тағайындалады.

Байқаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады:

- кандидаттардың директор лауазымына құжаттарды тапсыруы;
- білім басқармасындағы кадр қызметінің кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауы, конкурсқа қатысуға рұқсат беруі;
- үміткерлерге арналған электрондық тестілеу (басқарушылық құзыреттер, педагогика, психология, ҚР Заңнамасы бойынша тестілеу);
- оқу орнының Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын қорғау (тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда);
- Білім басқармасындағы әңгімелесу (Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын сәтті қорғап шыққан үміткерлер жіберіледі).

Қамқоршылық кеңестерінің құрамына ата-аналар, педагогика саласының еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

Барлық кезеңнен өткен үміткермен білім бөлімі тиісті еңбек шартын жасап, оны директор етіп тағайындау туралы бұйрық шығарады.

Кандидаттарды Қамқоршылық кеңесімен келісу бойынша көптеген пікірталас болды.
Біз мұны да ескердік. Енді Қамқоршылық кеңесі директор лауазымына кемінде екі кандидат бойынша келісім беруі тиіс. Егер кандидаттардың саны бұдан аз болса, онда конкурс өткізілмеген болып есептеледі және қайта жарияланады.

Егер Қамқоршылық кеңесі екі мәрте екі кандидаттан аз адам таңдаған жағдайда және сәйкесінше конкурс екі рет өткізілмеген болса, онда конкурсқа қатысып жатқан барлық кандидат келесі кезеңге өтеді.
Қамқоршылық кеңестің жұмысы мен құру ережесін де қайта қараудамыз.

Қағидада болашақ директорларға қойылатын біліктілік талаптарына көп көңіл бөлінеді. Мұнда бірнеше ерекшелік бар.

Біріншіден, болашақ директорлар міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификаттары болуы керек.

Екіншіден, директор лауазымына басшы ретінде жұмыс өтілі бар кәсіби мұғалімдер тағайындалуы мүмкін, ал жалпы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы қажет.

Үшіншіден, үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс істеуі тиіс.

Бұл тармақ бұрын-соңды қажетті жұмыс тәжірибесі мен педагогикалық еңбек өтілі бар, бірақ соңғы жылдары білім беру саласында жұмыс істемеген адамдар мектеп директоры лауазымына тағайындалған тәжірибенің болуына байланысты енгізіліп отыр. 20 жыл бұрын мұғалім болып жұмыс істеген немесе тіпті мектеп директоры болған, дегенмен білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен орын алған өзгерістер туралы хабары жоқ, ауыл әкімдіктерінің немесе өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері мектеп директоры болып тағайындалатын.

Төртіншіден, тағы бір жаңашылдық — кадр резервін құру. Алғашқы екі кезеңнен (тестілеу және қамқоршылық кеңеспен келісу) сәтті өткен, бірақ білім басқармасында әңгімелесуден өтпеген кандидаттар енді бір жылға резервке алынуы мүмкін. Бұл кандидаттарға мектептің Қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, бір жыл ішінде директор лауазымына тағайындалу құқығын береді.

Бесіншіден, биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізілетін болады. Соңғы бірнеше айда біз ережелерді әзірлеп, сарапшылармен талқылап жатырмыз.

Директорларды тағайындау рәсімдері мен оларды материалдық қолдау жөніндегі осы өзгерістің барлығы директор лауазымына лайықты, барынша даярланған кандидаттарды таңдауға және білім беру ұйымдары басшыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Сайып келгенде бұл білім беру сапасына әсер етеді.

Өзгелердің жаңалығы