Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұл балалар да ВПЧ-ға қарсы вакцина алуы тиіс деген пікірде. Ол Денсаулық сақтау министріне ата-аналар көтерген бір маңызды мәселені жолдағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен аптада Денсаулық сақтау министріне ата-аналар көтерген бір маңызды мәселені жолдадық. Ұсыныс – ұл балаларды адамның папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы ерікті түрде вакцинациялау бағдарламасына қосу туралы. Қазір Қазақстанда қыз балалар бұл екпені тегін ала алады. Бұл – өте маңызды әрі мыңдаған өмірді сақтап қалатын шешім. Енді осы тәжірибені кеңейтіп, ұлдарға да, ерікті түрде,өз қалауы бойынша мүмкіндік беруді ұсындық, - дейді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл вирус тек жатыр мойны ісігіне ғана емес, сондай-ақ жұтқыншақ, ауыз қуысы және тік ішек қатерлі ісіктеріне де себеп болуы мүмкін. Аталған аурулар ер адамдар арасында да кездеседі.
ВПЧ – тек "әйел вирусы" емес. Бұл вирус жатыр мойны қатерлі ісігін ғана емес, жұтқыншақ, ауыз қуысы, тік ішек ісіктеріне де себепші болуы мүмкін, соның ішінде ер адамдарда да. Көптеген елдерде ұл балалар да қыздармен бірге вакцина алып жүр. Осы қадамды жасауды ұсынамыз – ерікті, өз қалауы бойынша, бірақ қолжетімді етіп. Қазір бұл вакцинаны дәріханалардан табу қиын. Сондықтан мемлекет тарапынан оны алу мүмкіндігін жасау – жақсы қадам. Министрлік бұл ұсынысты қолдайды деп сенеміз. Себебі ұлдар да – қауіп тобында. Олардың денсаулығы да назарда болуы тиіс, - дейді Мәжіліс депутаты.