Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аймағамбетов: Талантты оқушыларға 6 млн теңге сыйақы беріліп, студенттерге жаңа жеңілдіктер жасалады

24 Қыркүйек 2025, 13:11
3064
Бөлісу:
 - архив/ Арман Мухатов
Фото: - архив/ Арман Мухатов

Мәжілісте екінші оқылымға шығатын жаңа заң жобасы білім саласына тың өзгеріс әкеледі: халықаралық байқау жеңімпаздарына 6 млн теңге сыйақы, студенттерге грантты өтеуден босату, университеттерді сапа бойынша қаржыландыру, балабақша жерін қорғау және ата-аналарға ыңғайлы жаңа ереже енгізілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды нормалар қамтылған заң жобасы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымға ұсынылды. Депутат бұл бастамалар ғылыми байқаулардың жеңімпаздарын қолдаудан бастап, университеттерді қаржыландыру тәртібін өзгертуге дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтитынын мәлімдеді.

Аймағамбетов өз Instagram парақшасында заң жобасының негізгі жаңалықтарын тізбектеп көрсетті:

Талантты оқушыларды қолдау

Халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары енді 6 миллион теңгеге дейін сыйақы алады. Сонымен қатар оларды дайындаған ұстаздарға да біржолғы төлем беріледі. Бұған дейін жеңімпаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ грантпен жоғары оқу орнына түсу құқығы берілсе, бұл – сол қолдаудың жалғасы.

Білім ұйымдарына есім беру тәртібі

Жекеменшік мектептер енді белгілі тұлғалардың есімін өз бетінше бере алмайды. Мұндай жағдайда ономастикалық комиссияның ресми келісімі міндетті болады.

Университеттерді қаржыландырудың жаңа жүйесі

Жоғары оқу орындарын қаржыландыру студент санына емес, сапа көрсеткіштеріне байланысты жүргізіледі. Бұл өзгеріс бәсекелестікті арттырып, оқу бағдарламаларының сапасын жақсартуға жол ашады.

Грантты өтеуден босату

Мүгедек баласы бар немесе ауыр науқас туысын бағып отырған түлектер мемлекеттік грантты өтеуден босатылады. Сондай-ақ шетелде оқуын жалғастырып жүрген (резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура) жастарға оқуын аяқтағанға дейін төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

Балабақшаларды қорғау

Мемлекеттік балабақшаларға бөлінген жерлердің мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Бұл жерлер сауда орталығына айналмайды және жеке меншікке берілмейді.

Сонымен бірге, енді балалар қыста 6 жасқа толса да, жазға дейін балабақшада қала алады. Бұған дейін қаңтарда 6 жасқа толған балаларды бірден шығарып тастау ата-аналарға қиындық тудыратын. Жаңа норманың арқасында бұл мәселе шешімін табады.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл өзгерістер білім саласының дамуына серпін беріп, ата-ана мен ұстаздарға да, жас таланттарға да нақты қолдау көрсетуді көздейді.

Өзгелердің жаңалығы