Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мектептерге жүргізетін тексерістері кезінде айыппұл салу тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бұл бастама мектеп директорларына берілген уәделердің орындалуы аясында жүзеге асқан.
Біз директорларға уәде бердік, сол уәделерімізді орындадық, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тексеріске алдын ала хабар беріп келіп, тексеріс жүргізген бойда ірі көлемде айыппұл салатын. Айыппұл мөлшерінің тым жоғары болуы мектеп ұжымдарына қосымша ауыртпалық түсірген.
Осыған байланысты депутаттар бірнеше маңызды өзгеріс ұсынған.
Біз ең алғашқы тексерісте, мысалы, айыппұл салмау керек екенін айттық. Екіншіден, егер айыппұл салынса, оны саралау қажет, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, санитарлық талаптардың бұзылуы мектеп басшылығының тікелей міндетіне байланысты болса, мұндай жағдайда жауапкершілік мектепке жүктелуі орынды.
Егер мектептің дәретханасы таза болмаса, ол мектеп басшылығы құзыретіндегі мәселе. Ондай жағдайда мектепке айыппұл салу әділ деп ойлаймын, өйткені ол өз жұмысын атқаруы тиіс, – деді ол.
Алайда депутат кейбір мәселелер директорлардың құзыретіне кірмейтінін атап өтті.
Егер мектеп үш ауысымды болса, санитарлық нормаларға сәйкес келмесе, тиісті құрал-жабдықтар болмаса немесе күрделі жөндеу дер кезінде жүргізілмесе, онда директорға немесе мектеп ұжымына айыппұл салу әділетсіз, – деп атап өтті Аймағамбетов.
Оның айтуынша, мұндай жағдайларда жауапкершілік нақты шешім қабылдаған немесе тиісті қаржыландыруды қамтамасыз етпеген органдарға жүктелуі тиіс.
Егер осындай жағдайлар болса, онда оған кім жол берді: білім бөлімі ме, білім басқармасы ма, әлде әкімдік пе – соны анықтап, құзыреті кімнің қолында болса, сол жауапкершілікке тартылуы керек, – деді депутат.
Сондай-ақ депутат санитарлық қызметтің тексеру тәртібі де өзгергенін айтты. Енді тексерістер алдын ала ескертусіз жүргізіледі.
Қазіргі кезде олар “келеміз” деп ешкімге алдын ала хабарламайды. Қажет кезде аяқ астынан келіп, мектептің асханасын, әжетханасын және басқа да мәселелерді тексереді, – деді ол.
Алайда мұндай шұғыл тексерістердің өзі бірден айыппұл салумен аяқталмайды.
Олар нақты ұсыныстарын айтып кетеді: мынаны түзеңдер, мынаны былай істеңдер деп. Ал егер айыппұл салынатын болса, үш ауысымдылық немесе басқа да директордың құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша жауапкершілік тиісті органдарға жүктелуі керек, – деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойған болатын.