Оқу-ағарту министрі бұған дейін мектеп асханаларындағы өнімдердің қымбаттығына байланысты мәселелер туындағандықтан, қажетті түзетулер әзірленгенін Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр буфет өнімдерінің бағасы көрші дүкенге қарағанда екі есе қымбат болатын жағдайлар да кездескенін еске салып, қажетті түзетулер мамандардың қатысуымен құрылған жұмыс тобымен дайындалғанын айтты.
Енді қызметтерді жеткізушілермен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарттар жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және т.б. қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарықтық бағаларды ескере отырып қалыптастырылады, - деп жазды министр.
Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Яғни бұл асханаларда бағаның көтерілуіне жол бермейді.
Сонымен қатар министр енді жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көрсеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейтінін айтты. Бұл тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізу тәуекелдерін жою, сонымен бірге буфет өнімдерінің бағасын белгілеу үшін қажет.
Ата-аналарды тамақтану туралы хабардар ету немесе оның сапасын бағалай алуы үшін білім ресурсына кезең-кезеңімен норма енгізіледі. Ол - пайдаланушыларға қызмет көрсету және қолма-қол ақшасыз төлемдер сапасын бағалауға мүмкіндік беретін тағамдардың, ас мәзірінің, бағалардың фотосуреттерін жариялау нормасы, - деп жазды Аймағамбетов.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі балабақшаларда, балалар үйлерінде балаларды үздіксіз тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың инфляция деңгейін ескере отырып, азық-түлік бағасының өзгеруі бөлігінде сатып алу туралы шарттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігі көзделгенін хабарлады.