Аймағамбетов: МӘМС тісі шықпаған бес айлық сәбидің "кариесін" емдеген

Бөлісу:
Аймағамбетов: МӘМС тісі шықпаған бес айлық сәбидің "кариесін" емдеген
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында МӘМС-тің жұмысын сынап, қордың азаматтарға қандай ем-дом жүргізгенін мысалға келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өзенде жүзіп келе жатқан бір қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына, қолына шелекті алып, суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл ештеңені бермейді. Су әрі қарай жинала береді, қайық бата береді. Міне дәл осындай жағдай МӘМС жүйесінде болып жатыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек оның салдарымен ғана күрес жүріп жатыр. Жүйелі реформалар орнына уақытшы шаралар қабылдайды. Бастысы стратегиялық көзқарас жетіспейді, - деді депутат.

Аймағамбетов МӘМС-тің қазіргі моделі халыққа медицинаны қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр деген пікірде.

Үш мысал келтірейін. МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қаңғырттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қаңғұрттан емдеуге болады? Бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген екен. Тағы да бір кейс. Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес, - дейді депутат.

Ол тағы бір дәлел келтірді.

Бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Бірақ енді қазір қарайтын болсақ, остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, компьютерлік томография, МРТ жүргізіледі. Себебі бұл ақша табудың “заңды жолы”. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиникалық соғұрлым көп пайда табады. Жалпы төлемдердің тек қана бір пайызына ғана тексеріс жүргізілгенге дейін кейбір клиникалар тәуекелдерден қорықпай, осындай шараларға баратыны түсінікті. Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген де ой бізді мазалайды, - деп айтты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы