Аймағамбетов Қостанай колледждеріндегі оқу процесімен танысты

29 Қыркүйек 2021, 20:36
23896
Бөлісу:
Аймағамбетов Қостанай колледждеріндегі оқу процесімен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай қаласына жұмыс сапары барысында мектептермен қоса өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарына да бардым, деп жазды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.

Қостанай политехникалық колледжінің техникалық жабдықталуын тексеріп, оқу процесімен таныстым. Директордың айтуынша, білім ордасында 1200-ден астам студент оқиды. Олардың арасында болашақ электромеханиктер, электр монтажшылар, наубайшылар, кондитерлер, астық өңдеу өнеркәсібінің мамандары және тағы басқалар бар. Студенттің сапалы практикалық дағдыларды меңгеруі үшін қажетті құрал-жабдықтар Франция, Германия, АҚШ, Беларусь және Италиядан сатып алынған. Студенттермен әңгімелесіп, оқу үрдісімен таныстым. Нан пісіру және кондитерлік бағыттар бойынша оқып жатқан студенттердің жұмыстарын көріп, жақында біз заңнамалық түзетулер енгізгенімізді және енді олар колледжде дайындалатын өнімді сата алатынын айттым. Бұл балалардың оқуға және одан әрі біліктілігін жетілдіруге деген қызығушылығын арттырады деп санаймын. Студенттер оқу процесі қалай өтіп жатқаны туралы айтып, жоспарларымен бөлісті, - деді ол.

Министрдің сөзінше, оқытушылар да білім беру ұйымының жетістіктері туралы баяндап, студенттері WorldSkills чемпионатында 2 медаль жеңіп алғандарын айтты. Колледжде білім беруді одан әрі дамыту туралы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.

Сондай-ақ ол Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне сапары туралы айтып өтті.

Аймағамбетов Қостанай колледждеріндегі оқу процесімен танысты

Бұл университет студенттерге практикалық білім беру барысында дұрыс бағыт алғанын атап өткім келеді. Университетке кіреберісте тұрған техника - камаз көлігі бірден көзге түседі. Өздеріңіз білетіндей, Қостанай облысының индустриялық аймағында екі жаңа «КамАЗ» зауыты салынып жатыр. Бүгінде жоғары оқу орнында машина жасау мамандығын игеріп жатқан студенттер тәжірибеден өтіп, әрі қарай осы кәсіпорындарда жұмысқа орналасуы үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар осы жазда А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 30 студенті екі ай көлемінде Ресейдегі «КАМАЗ» жетекші кәсіпорнында өндірістік практикадан өтті. Бұл А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Қазан федералдық университетінің (ҚФУ) Набережные Челны институты арасындағы меморандумның нәтижесінде мүмкін болды, - деді Аймағамбетов.

Сонымен бірге жұмыс берушілер жоғары оқу орнына келіп, дәріс оқиды. Бұл тәжірибе белгілі бір мамандық бойынша тереңдетіп оқыту үшін енгізілген. Олардың арасында «Агромашхолдинг» өнеркәсіптік кәсіпорнының және құс фабрикаларының өкілдері, тамақ өнеркәсібінің өндірушілері бар.

Сөз кезегінде Қостанайдағы зауыттардың бірінің басшысы қызметкерлердің үштен бір бөлігі осы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің түлектері екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқу аудиторияларымен және жоо зертханаларының жұмысымен таныстым.

Өзгелердің жаңалығы