Аймағамбетов ел мектептеріндегі жылы дәретхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

19 Мамыр 2021, 18:26
3415
Бөлісу:
Аймағамбетов ел мектептеріндегі жылы дәретхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ел мектептеріндегі жылы дәретхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

Министр республикалық олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін журналистерге сұқбат берді. Ол мектептердегі жылы дәретханалар мәселесін шешу бойынша атқарылған жүмыстарға тоқталды.

Жалпы инфрақұрылым проблемалары жеткілікті. Оны бәріміз білеміз. Сондықтан оны жасыратын мүмкіндік те, қажеттілік те жоқ. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы және алдымызда тұрған мақсат-міндеттер бар. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін кем дегенде 800 мектеп салуымыз керек. Үшауысымды, апатты жағдайдағы мектептерді толығымен жоюымыз қажет. Сонымен бірге Президент тапсырмасына сәйкес мектептерде тиісті, қолайлы жағдай жасау, - деді Аймағамбетов.

Оның сөзінше, соның ішінде жылы дәретханалар проблемасы да бар. Бір жыл бұрын елімізде 2 700 мектепте дәретханалар аулада болды. Яғни жылы дәретхана болған жоқ.

Бір жылдың ішінде жергілікті әкімдіктермен бірге ауқымды жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде 2 600 жылы дәретхана салынды. Тағы 100-ге жуық дәретхананы бітіру жоспарда тұр. Қазір жергілікті атқарушы органдар осы бағыт бойынша жұмыс істеп келеді, - деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ бұл салынған жылы дәретханалар салынғаннан кейін тиісті деңгейде жұмыс істеу керек.

Кейбір жерде салынған дәретханаларды қолданбайтындай жағдай болуы мүмкін екенін ескеріп, оның алдын алу үшін тапсырмалар берілді. Егер дәретхана болса, онда барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі керек. Яғни кәріз, су және оны уақытылы тазалап тұру мәселесі бойынша тапсырма берілді. Мұны кешенді түрде қарау, барлық проблеманы бірге шешуіміз керек, - деп айтты бас ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы