Аймағамбетов дарынды оқушыларға қандай қолдау көрсетілетінін айтты

22 Шілде 2024, 09:49
2241
Бөлісу:
Аймағамбетов дарынды оқушыларға қандай қолдау көрсетілетінін айтты
Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дарынды оқушыларға мемлекет тағы бір жеңілдік жасайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат "Болашақ" бағдарламасы аясында дарынды балаларды қолдау бойынша заңнамаға жаңа түзетулер дайындалғанын атап өтті.

Сөзінше, бұл - мемлекетіміздің жас таланттарды қолдау саясатының логикалық жалғасы.

2021 жылдан бастап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 5 млн теңгеге дейін бір реттік ақшалай сыйақылар, Қазақстанның кез келген университетінде тегін оқуға гранттар алады. Министрлікте істегенде, осы балаларға алғаш рет осы сертификаттар мен гранттарды табыстағанда олардың қандай керемет қуанышқа бөленгенін көрдім, - деп айтты Аймағамбетов.

Мәжілісмен енді қандай ұсыныстар енгізілгелі отырғанына тоқталды.

"Болашақ" бағдарламасын кеңейту. Біз республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын "Болашақ" бағдарламасы аясында бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуға мүмкіндік беретін нормаларды ұсындық. Қазіргі уақытта "Болашақ" бағдарламасы бойынша тек магистратура, докторантура және тағылымдамалар бағдарламалары бойынша оқуға болады, - деп түсіндірді ол.

Негізгі шарттар мынандай болмақ:

  • Олимпиадалар мен конкурстардың тізімін республикалық "Болашақ" бағдарламасы комиссиясы бекітеді.
  • Оқу жеңімпаз жеңген профиль бойынша ғана жүргізіледі.

Бұл шешім неге маңызды? Олимпиада жеңімпаздары қазіргі уақытта Қазақстан университетіне грант алу құқығына ие. Алайда, шетелдік жетекші университеттер оларға бакалавриатта оқуға өз гранттарын үнемі ұсынып отырады және осы дарынды балаларымыз шетелге кетіп, көбіне елге оралмайды. Мемлекет балабақша мен мектептен бастап, осындай талантты балаларға инвестиция жасағаннан кейін, бұл дарынды балаларды басқа мемлекеттің экономикасына жұмыс істеу үшін беріп қоймай, әрі қарай қолдап, еліміздің дамуына жұмыс істету маңызды, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Сондықтан Президент осындай тиісті тапсырма беріп, шетелде кадрлар дайындау бойынша республикалық комиссиясының осы жұмыс жүргізу туралы хаттамасы шыққан болатын.

Маусым айында біз Үкіметтен осы түзетулеріміз бойынша оң қорытынды алып, қазір ол жұмыс тобында қарастырылып жатыр. Әріптестеріміз келесі сессияда бұл түзетуді қолдайды деп сенемін, - деп айтты депутат.

Өзгелердің жаңалығы