Аймағамбетов ауыл түлектерін оқу жылының аяқталуымен құттықтады

25 Мамыр 2021, 15:55
7963
Бөлісу:
Аймағамбетов ауыл түлектерін оқу жылының аяқталуымен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақмола облысындағы Талапкер ауылына барып, мектеп түлектерін оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Жалпы білім беретін мектепте 1862 оқушы оқиды, оның 75-і мектеп түлектері болса, 123-і 9-сыныпты тәмамдады.

Асхат Аймағамбетов түлектерге ҰБТ тапсыру кезінде сәттілік тілеп, мұғалімдерге пандемия жағдайында атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге БҒМ басшысы кәсіби шыңдалу жолындағы өз тәжірибесімен бөлісіп, түлектерге қиындықтардан бас тартпай, қателік жасаудан қорықпауға кеңес берді.

Сонымен қатар министр талапкерлерді мұғалім мамандығын таңдауға шақырды. Осы ретте министрлік педагогтің мәртебесін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.
Алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр. Ешқашан қиындықтарға мойымаңыздар. Адам баласы өз күші мен арманына сенуі керек. Құласаң да, қайта тұрып, алға ұмтылуға тырысу қажет. Өздеріңді шектемей, кең әрі ауқымды ойлауға тырысыңдар. Сонда ғана толағай табыстарға жетесіздер, - деді министр Асхат Аймағамбетов.
Өз кезегінде 1-сынып оқушылары түлектерге сәттілік тілеп, ал талапкерлер мұғалімдер мен ата-аналарына алғыс білдірді. Одан кейін түлектер мектеппен қоштасу вальсін билеп, білім ордасында "Соңғы қоңырау" соғылды.

Өзгелердің жаңалығы