Аймағамбетов ауыл мектептерін қалай дамытатынын айтты

20 Сәуір 2021, 11:10
2975
Бөлісу:
Аймағамбетов ауыл мектептерін қалай дамытатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында ауыл мектептерінің сапасын жақсарту үшін іс-шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Елімізде 1,5 млн оқушысы бар 5 268 ауылдық мектеп жұмыс істейді. Олар еліміздегі мектептердің жалпы санының 71%-ын құрайды. Ауылдық мектептерде 182 мың мұғалім сабақ береді. Ал шағын жинақты мектептер саны 2 757. Бұл барлық мектептердің жалпы санының 37%-ы.

Ауыл мектептерін дамыту және олардың білім сапасын арттыру маңызды бағыттардың бірі. PISA халықаралық зерттеулері бір жағынан қала және ауыл мектептері арасында айтарлықтай алшақтықты көрсетсе, екінші жағынан өңірлер арасындағы алшақтықты көрсетуде. Мысалы, Қарағанды мен Қостанай облыстарындағы ауыл мен қала мектептерінің арасындағы сапада айырмашылық үлкен болғанымен, бірақ осы облыстың сапа бойынша қала мектептерінен әлдеқайда төмен болған ауыл мектептерінің көрсеткіші басқа 8 облыстың қала көрсеткіштерінен жоғары, - деп түсіндірді министр.

Аймағамбетовтің сөзінше, сапа бойынша айырмашылығы ең аз Ақтөбе облысында қаланың да, ауылдың да мектептеріндегі білім беру сапасы бірдей жоғары емес. Бұл талдау білім сапасына тиісті жағдай жасалуына тікелей байланысты.

Осы ретте ауыл мектептерін дамыту үшін кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр.

Білім сапасын жақсарту үшін 2025 жылға қарай 5 мың ауылдық мектепте жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерімен, арнайы жиһаздармен, компьютерлермен жабдықтау, асханалар мен кітапханаларды жаңарту бойынша жұмыс жүргізіледі. Әр облыс пен әр мектеп бойынша нақты жоспар бекітілді. Оның ішінде 2021 жылы 1 015 мектеп жаңғыртылады. 2025 жылға қарай ауылда 315 жаңа мектеп, соның ішінде 2021 жылы 83 мектепті салу жоспарланып отыр, - деп айтты Білім басшысы.

Өзгелердің жаңалығы