Текелі қалалық сотында бірден бірнеше эпизод бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 3 ақпанда ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Ер адам әйелінің бетінен жұдырықпен ұрған. Содан кейін әйел дереу құқық қорғау органдарына шағымданған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткен. Алайда ер адам агрессивті мінез-құлқын тоқтатпай, оларға тап берген және әрқайсысының бетінен қолымен және аяғымен бір-бірден соққы жасаған.
Агрессорға қатысты отбасылық-тұрмыстық жанжалдағы ұрып-соғу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 1-бөлігімен, сондай-ақ билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық қолданғаны үшін ҚР ҚК-нің 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағымен қылмыстық істер қозғалды.
Сотта ерлі-зайыптылар татуласып, әйеліне қатысты іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Ал полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған эпизод жеке сот отырысында қаралды. Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.
Ер адам кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп атап өтті сотта.
Сотталған азамат үкімге шағым түсіруге тырысқанымен, апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда заңсыз декреттік төлем алмақ болғандар сотталғаны хабарланды.