Әйелге жасалатын зорлық-зомбылық – тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер

26 Сәуір 2024, 08:09
566
Бөлісу:
Әйелге жасалатын зорлық-зомбылық – тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер
Фото: baq.kz

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес сөзі қазіргі таңда қолданыста кең таралып кетті. Десек те, бір адамның екіншісіне зардап шегетіндей күш көрсету оқиғалары тыйылмай отыр. Керісінше, қоғам болып, ел болып, заң шығарып, жаза қатаңдатылған сайын күнде бір жан шошырлық оқиғалар орын алуда. Осы орайда, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресте білімі мен біліктілігін алдыға қойып көмек көрсетіп жүрген құзырлы орган мамандары бар. Бүгін Тараз қаласы Полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Анар Бекзатқызы Мұсаеваны аз-кем әңгімеге тарттық.

– Анар Бекзатқызы, елде күн сайын отбасындағы дау-жанжал, зорлық оқиғалары көрініс беруде. Бұл бағытта құзырлы мекемелер қаншама ағарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Десек те, жыл басталғалы Таразда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қанша әйелден арыз түсті?

– Ағымдығы жылы Жамбыл облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 6 әйел 24 баласымен орналастырылып, көмек алуда. Жәбірленушінің жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтер құпия ақпараттар болып табылады және олар жария етілмейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы ішкі істер органдарына хабарласып, дер кезінде көмек көрсетілген отбасыларда одан әрі өршу деңгейі де төмен болады.

– Зардап шегушіден өтініш қабылданған соң құзырлы органдар қандай әрекет жасайсыздар?

– Ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықты, әсіресе әйелдер мен балаларға қатысты зомбылықты ескерту, жолын кесу профилактикасы болып табылады.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне түзетулер енгізіліп, өзгеріске енген заңнамаға сәйкес енді полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырылды. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік берді. Тәжірбие көрсетіп отырғандай, тұрмыстық зорлықтан зардап шегішілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан бас тартады. Көбінесе полиция келіп кеткеннен кейін отбасындағы жанжал әрі қарай жалғасады, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғып жатады. Ұсынылған түзетулер зардап шегушілердің өтінішінсіз (яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін оқиға болған жерді қарап тексеру хаттамасы, жәбірленушіден түсініктеме алу, куәлардың, көшірмелердің айғақтары, бейнебақылау камераларының сондай-ақ полицейдің бейнетіркегішінің жазбасы жетіп жатыр. Соңғы шешімді сот қабылдайды.

Өтініш болған жағдайда жәбірленушінің агрессормен татуласуына немесе ұстанымының өзгеруіне байланысты сотта тоқтатылады. Енді сотта тек бір рет татуласуға болады, қайталанған жағдайда татуласу мүмкін емес, яғни дибошир жауапқа тартылады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымнан құтылуына мүмкіндік береді.

Күнделікті 102-мен тіркелген отбасы жанжалдарына мониторинг жасалып, қорғау нұсқамасын, ерекше талаптар қойылуын қадағаланып отырады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуының бірнеше себептері бар: отбасындағы құндылықтардың төмендеуі, маскүнемдік, жұмыссыздық, күнкөріс деңгейінің төмен болуы, қызғаныш және т.б. Соңғы деректер бойынша отбасындағы жанжал туындауының басты себептері – мас күйінде болу. Әйелдерге қарсы жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары өте үлкен проблемаларды тудырады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ол отбасы мүшесінің бір шаңырақта тұрып жатқан адамға немесе бұрынғы күйеуі не әйеліне көрсеткен зорлық-зомбылық. Отбасы тұрмыстық қатынас саласында қылмыстар мен құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында, мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар және мекемелерде дәрістер беріліп, өз құқықтары бойынша заңнамалары түсіндіріліп, түсіндіру-профилактикалық сұхбаттар өткізілуде.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңына сәйкес ішкі істер органдарының қызметкерлері жәбірленушілерді қорғауға бағытталған құқық бұзушылыққа жол беретін отбасы жан-жалқойларға қатысты қорғау нұсқамасын шығару құқығына ие. «Тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 20 бабында көрсетілгендей, Қорғау нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің еркіне қарамастан оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға тыйым салады. Қорғау нұсқамасы ол шығарылған кезде он алты жасқа толған есі дұрыс адамға қатысты шығарылады. Қолданылу мерзімі ол өзіне қатысты шығарылған адамға берілген кезден бастап отыз тәулікке.

Қорғау нұсқамасын бұзған тұлға ҚР ӘҚБтК 461 бабы, ҚР ӘҚБтК 73 бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер»,

ҚР ӘҚБтК 73-1, 1-1 бабы «Денсаулыққа жеңіл деңгейде зиян келтіру», ҚР ӘҚБтК 73-2, 1-1 бабы «ұрып-соғу» баптарымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады.Әйелдер – шаңырақтың ұйытқысы, береке мен бірліктің бастауы. Қазақ халқы қыз баланы жастайынан сыйлап, оны төрге отырғызған, оған ұрпақ жалғастыратын болашақ ана ретінде қараған. Алайда қазіргі заман талаптары мен бірқатар себептердің салдарынан қыз балалар мен әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тек бір отбасының ғана емес бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер. Қоршаған ортада болып жатқан мән-жайларға бей-жай қарамай, құқық бұзушылықпен, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу әрбір азаматтың борышы.

– Сіздерге өтініштер тек отбасылық па әлде басқа да саладан (жұмыс беруші, ұжым, жеке адамдар) зорлық көрген адамдар да шағым тастай ма?

ІІО-мен барлық шағымдар қаралады. Алайда, отбасы тұрмыстық қатынас саласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – ол отбасы мүшесінің бір шаңырақта тұрып жатқан адамға немесе бұрынғы күйеуі не әйеліне көрсеткен зорлық-зомбылық.

– Жәбірленуші адамға полиция ары қарай қандай қызмет көресте алады? Дағдарыс орталығы немесе қандай да бір психологиялық орталықтарға жібересіздер ме?

– Зорлық-зомбылыққа қарсы көмек көрсету мәселелері бойынша дағдарыс орталықтарымен өзара іс-қимыл жасасып отырады. Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Өмірдің қиын және дағдарыс жағдайларына түскендерге уақытша паналауға жағдай жасау үшін 51 жатын орынға дейін әйел азаматтарды қабылдай алады. Тәулік бойы сенім телефоны 8 7074630623, 87085909604 жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері күш көрсету, психикалық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Жолданған әйелдердің көбі күйеулерінің тарапынан зорлық-зомбылық көрген, баратын жерлері жоқ әйелдер орналастырылады. Бүгінде біз қолдан келгенше, барынша әйел мен баланың салауатты өмір үшін түсінік жұмысын, ағарту-ақпараттандыру жұмысын, қорғау-қолдау жұмысын қатар атқарып келеміз.

– Анар Бекзатқызы, әңгімеңізге рахмет.

Өзгелердің жаңалығы