Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы уақытта елімізде зейнетке шығу жасы жиі талқыланып жүр. Дәлірек айтқанда, жақында ғана сенатор Дана Нұржігіт Үкіметтен әйелдердің зейнет жасын 58 деп белгілеуді сұрады. Осыған қатысты әлеуметтік желілерде фейк ақпараттар да кеңінен тарала бастады.
Жалпы елімізде қазіргі таңда азаматтар зейнетке қай жастан бастап шығады? Келесі жылдан бастап зейнет жасы төмендеуі мүмкін бе? Фейк ақпарат қайдан шықты? Пенсия өсе ме?
Зейнет жасы қысқара ма?
Соңғы уақытта Парламент қабырғасында да депутаттар азаматтардың зейнетке шығу жасын қысқарту қажеттігін айтып, мәселе көтеріп келеді.
9 маусымда Сенатта өткен жалпы отырыста депутат Дана Нұржігіт те осы мәселеге қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Сенатор сауалында әйелдердің зейнет жасын 58 жас деп бекітуді сұрады.
Соңғы кездері Үкімет пен БАҚ-та зейнетақы мәселесі жиі көтеріліп жүр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз дегеніміз рас болса, ендігі жерде бұл мәселені жылы жауып, қарап отырғанымыз дұрыс болмайды. БҰҰ болжамдарына негізделген 2015 жылғы зейнетақы реформасы 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жасты және ерлер үшін 70 жас. Әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді. Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Әйелдердің зейнетке шығу жастарын өзгерту туралы өтініштерін ысырып қоюға менің арым шыдамайды. Сол өтініштерге сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасын «58» деп бекітіп, ал егер әйел әрі қарай жұмыс істемін десе, өз құқы, өз еркі деп қарастыруыңызды сұраймын, - деп айтты сенатор.
«Президент Жарлыққа қол қойды»: Желідегі фейк
Әлеуметтік желілерде «әйелдердің зейнет жасы қырқарды», «Президент Жарлыққа қол қойды» деген «сүйінші» хабарлама тарап жүр. Оның бірнешеуін мысалға келтірейік.
Аудио хабарлама:
Қыздар, сүйінші. Астанадан таныстарым хабарласып жатыр. Әйелдер қаңтардан бастап 58 жастан зейнетке шығады екен. Бүгін расталды. Ал 58 жасқа толып қойғандар бірден зейнетке шығады. Оның барлығын ертеңнен бастап хабарлайды. Алғаш болып қуанышты жаңалықты мен айтып жатырмын, - делінген хабарламаның бірінде.
Ал тағы бір хабарламада былай делінген:
Сүйінші! Президент Жарлыққа қол қойыпты. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдер 58 жастан шығады, - деп ақпарат таралып жатыр.
Ақпарат жалған: Еңбекмині 58 жас туралы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан Президентінің Жарлығымен 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
Әйелдердің зейнетке шығуының заңнамамен белгіленген жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулер нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген, халықаралық практикаға және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келетінін естеріңізге саламыз. Бекітілген жас мөлшері базалық және ынтымақты зейнетақыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді ескере отырып, қазақстандықтар құрметті демалысқа шыққаннан кейін тиісті зейнетақы төлемдерін қалыптастыру қажеттілігімен негізделген, - делінген ресми жауапта.
Бұл ретте ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаруда, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін әзірленген еңбек өтілі ескеріледі. Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақының рөлі артады, зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, ол соған сәйкес жоғары болады.
Ынтымақты еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында ерте зейнетке шығу лайықты төлемдерді қамтамасыз етпейді.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарға зейнеткерлікке ерте шығу құқығы беріледі. Осылайша, ерлер 55 жасқа, әйелдер 52,5 жасқа толғанда БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болса зейнетақы аннуитетін ресімдей алады (аннуитет – зейнетақы жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін алу құқығы).
2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларының кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігі бар. Яғни, әйелдер оны 42,5 жаста, ерлер 45 жаста жасай алады. Бұл ретте сақтандыру ұйымынан төлемдер тиісінше 52,5 және 55 жаста жүзеге асырыла бастайды.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады.
2022 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша ерлер үшін жедел зейнетақы аннуитетінің құны – 7,1 млн теңге, әйелдер үшін – 9,5 млн теңге, ерлер үшін кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетінің құны – 6,5 млн теңге, әйелдер үшін – 8,1 млн теңге.
Азаматтардан фейктерге назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалануды сұраймыз.
Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланады.
Зейнет жасы қалай өседі?
Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы 60,5 жасқа дейін өсті. Яғни былтырғы 60 жасқа тағы 6 ай қосылып отыр.
Ал 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 0,5 жасқа ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Сөйтіп ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы бірдей болады.
Қалай өседі:
- 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда;
- 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда;
- 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда;
- 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;
- 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.
Елімізде әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап көтеріліп келе жатқанын айта кетейік. Бұған дейін ана-апаларымыз 58 жасқа толғанда зейнетке шығатын.
Кім зейнетке ерте шыға алады?
- 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер - 53 жаста;
- Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер – 45 жаста, ерлер – 50 жаста.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмаған азаматтарға жасалатын мынадай жеңілдік бар:
Белгілі бір себептермен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмаған азаматтарға жұмыссыз жүрген жылдар еңбек өтілі болып жазылады.
- Бала күтімімен үш жыл үйде отырып қалғандар, бірақ бұл уақыт 12 жылдан аспауы тиіс;
- 1 және 2-топтағы мүгедектерді, 16 жасқа дейінгі мүгедек баласын, одан бөлек, 80 жастан асқан қарияларды бағып отырғандар;
- Қызмет бабымен басқа бір жерге жіберілген әскери адамдардың жұбайлары. Егер оған сол жерде жұмыс табылмаса, онда жұмыссыз жүрген уақыт еңбек өтілі деп жазылады;
- Дипломаттардың жұбайлары.
Зейнетақы мөлшері: 2022 жыл
Биыл қазақстандықтардың зейнетақысы да артады.
Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 19 450 теңгеге дейін ұлғаяды. 2021 жылы ол 18 524 теңгеге тең болған еді.
Ең төменгі зейнетақы 46 302 теңге. Былтыр оның мөлшері 43 272 теңге болды.
Ай сайынғы зейнеткерлік зейнетақы бірнеше бөліктен тұрады. Базалық зейнетақы барлық қазақстандықтарға төленетініне кепілдік берілген.
- ең төменгі мөлшері 10 жыл және одан аз жұмыс өтілі бар зейнеткерлер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы. Биыл ол 19 450 теңгеге (2021 жылы 18 524 теңге) тең.
- ең жоғары зейнетақы мөлшері 33 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар зейнеткерлер үшін ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең. Жыл басынан бері ол 36 018 теңге. Әрі қарай, 1998 жылға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген зейнеткерлер үшін базаға зейнетақының ынтымақты бөлігі қосылады. Оның мөлшері еңбек өтіліне және орташа айлық табысқа байланысты.
- 1998 жылға дейін 20 жыл еңбек өтілі бар әйелдер үшін жасына байланысты ең төменгі зейнетақы 46 302 теңге.
- ынтымақты зейнетақының ең жоғары мөлшері 46 АЕК-тің 75 пайызынан немесе 105 674 теңгеден аспауы мүмкін.
Егер еңбек өтілі аз болса, онда тағайындалған ынтымақты зейнетақы соған сәйкес азаяды. БЖЗҚ-дан ең төменгі зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын немесе 25 213 теңге болады.
Егер өтініш берушінің зейнетақы шотында 555 624 теңге болатын 12 ең төменгі зейнетақы болса, онда бұл ақшаның барлығы бір уақытта төленеді.